
Астанада ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар Агенттігінің Төрағасы Әсет Ерғалиев Дүниежүзілік банктің Орталық Азия бойынша Аймақтық директоры Наджи Бенхассинмен кездесу өткізді. Кездесуде Вашингтонда өткен Дүниежүзілік банк тобы мен Халықаралық валюта қорының Күзгі сессиялары барысында қол жеткізілген уағдаластықтардың жүзеге асырылу мәселелері талқыланды.
Келіссөздер барысында Әсет Ерғалиев Агенттіктің негізгі қызмет бағыттары жайлы айтып, қолдау көрсетуге және Дүниежүзілік банкпен әріптестікті кеңейтуге дайын екенін жеткізді. Атап айтқанда, стратегиялық шешімдер әзірлеу және зерттеу бастамаларын бірлесіп жүзеге асыруға мүдделілік танытты.
«Қазіргі таңда Қазақстан институттарды нығайтуға, экономикалық өсімге және азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыруға бағытталған реформаларды белсенді түрде ілгерілетіп келеді. Бұл бағыттағы жұмысымызда Дүниежүзілік банкпен орнаған әріптестікті маңызды деп санаймыз. Бірлескен сараптамалық қызметті тереңдету және стратегиялық өзара іс-қимылды күшейту реформалардың тиімділігін арттыруға жаңа мүмкіндік ашады деп сенемін», - деді ол.
Наджи Бенхассин Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан реформалардың дәйектілігін атап өтіп, Дүниежүзілік банктің әріптестікті одан әрі тереңдетуге дайын екенін айтты. Оның айтуынша, қазір жаңа Серіктестік стратегиясы әзірленіп жатыр. Бұл құжат сараптамалық және талдамалық өзара іс-қимылды кеңейтудің негізгі тетігіне айналады. Сонымен қатар, ол ынтымақтастықты нығайтуға және білім алмасуға маңызды негіз болған Бірлескен экономикалық зерттеулер бағдарламасын жалғастыру қажеттігін атап өтті.
«Қазақстанның одан әрі дамуы және жүргізіліп жатқан реформаларды табысты іске асыру үшін айтарлықтай әлеуеті бар. Елде жүйелі ілгерілеуге қажетті алғышарттар мен мүмкіндіктер қалыптасқан. Дүниежүзілік банк ынтымақтастықты жоғары бағалайды және Қазақстанның стратегиялық даму мақсаттарына қол жеткізуіне сараптамалық білім мен қаржылық құралдар арқылы қолдау көрсетуге дайын», - деді ол.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар сараптамалық талқылаулар мен талдамалық зерттеулер аясындағы бірлескен жұмысты жандандыруға келісті.