Қазақстан Республикасы халқының Ұлттық санағының қорытындыларын шығару бойынша ағымдағы жағдай

ҚР Ұлттық статистика бюросы 2021 жылғы желтоқсанда халық санағының алдын-ала қорытындыларын ұсынды. Қазіргі күні Бюро жиналған деректерді өңдеуді жалғастыруда, олардың қысқаша нәтижелерін 2022 жылдың ортасында, ал санақтың соңғы нәтижелерін жариялауды 2023 жылы жоспарлап отыр.

Қазіргі уақытта санақ деректерін өңдеу, есептік тіркелімдер мен шығыс кестелерін әзірлеу және келісу, сондай-ақ ұлттық санақ жинақтары үшін макеттер дайындау жүргізілуде.

"Қазақстан Республикасы халқының 2021 жылғы Ұлттық санағының қысқаша қорытындылары" атты жинақты 2022 жылғы 3-тоқсанда жариялау жоспарлануда.

Қысқаша қорытындыда төмендегі ақпарат қамтылады: халықтың саны мен орналасуы, жынысы, жасы, негізгі 19 ұлт бойынша, ана тілі, жергілікті жердің типі мен өңірлері бойынша бөліністер.

"Халық", "Ұлттық құрам", "Табыс және өмір сүру қаражатының көздері" жинақтары (2022 жылдың соңына дейін).

"Білім беру", "Үй шаруашылығы", "Халықтың көшіп қонуы", "Неке және отбасы", "Халықты жұмыспен қамту", "Халықтың тұрғын үй сипаттамалары", сондай-ақ "2021 жылғы Қазақстан Республикасы халқының Ұлттық санағының қорытындылары" жинақтары (2023 жыл ішінде).

Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылдың 1 қыркүйегі мен 30 қазан аралығында Қазақстанда Ұлттық халық санағы өткен болатын. Өткен жылдың желтоқсан айында Ұлттық халық санағының алғашқы нәтижелері туралы есеп Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ұсынылды.

Жинақталып, сарапталған қорытынды ақпарат бойынша, өткізілген санақ қорытындысына сай қазақстандықтардың жалпы саны 19 169 550 адамды құрады, оның ішінде ерлер – 48,71%, әйелдер – 51,29%. Халықтың орташа жасы – 31,94 жас. Қазақстандықтардың 33,97% - 17 жасқа дейінгі балалар, 19,72% - 14-28 жастағы жастар. Этникалық құрамдағы қазақтардың үлесі 70,18% - ға жетті.

Елдегі еңбекке қабілетті жастағы азаматтардың саны 11 320 410 адамды немесе Қазақстан халқының 59,05% - ын құрады.

Санақ аясында сауалнама жүргізу кезінде қағаз тасымалдағыштар пайдаланылған жоқ. Сұхбат алушылар планшеттерді қолданды. Респонденттерге арнайы sanaq.gov.kz. сайтында сауалнама толтыру мүмкіндігі берілді, бюроның мәліметінше респонденттердің 42%-дан астамы онлайн-санаққа қатысу функциясын пайдаланды.

Халық санағының қорытындылары Қазақстанда өткен 10 жыл ішінде халықтың демографиялық және әлеуметтік-экономикалық дамуында болған экономикалық, демографиялық және әлеуметтік өзгерістерді көрсетеді. Санақ нәтижелері үй шаруашылықтарының жағдайын, неке-отбасы қатынастарын жақсарту, мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмірін, халықтың тұрғын үй жағдайларын жақсарту жөніндегі мемлекеттік саясатты әзірлеу, сондай-ақ білім беру, жұмыспен қамту, дүниеге келу және көші-қон мәселелері бойынша шешімдер қабылдау үшін қажет.

Қазақстан Республикасы халқының Ұлттық санағының қорытындыларын шығару бойынша ағымдағы жағдай
Дата публикации
21 февраля 2022