
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы «Банкке, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымына еншiлес ұйымды құруға немесе иеленуге, ұйымның капиталына қомақты қатысуына, банктің стрестік активтерді басқару жөніндегі еншілес ұйымды құруға немесе иеленуге рұқсат беру, еншілес ұйымды құруға, иеленуге, ұйымдардың капиталына қомақты қатысуға берілген рұқсатты кері қайтарып алу және (немесе) күшін жою қағидаларын бекіту туралы»2026 жылғы 31 наурыздағы №31 қаулыны қабылдады.
Құжат «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу мен дамыту, байланыс және банкроттық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңдарды іске асыру мақсатында қабылданды және банктер мен сақтандыру ұйымдарына біріздендірілген талаптарды көздейді.
Қаулыны қабылдау еншілес ұйымды құру немесе иелену, ұйымның капиталына қомақты қатысу кезінде банктің, сақтандыру ұйымының қаржылық орнықтылығын, ашықтығын және тәуекелдерін бақылауды қамтамасыз етуге бағытталған.
Қағидалар Агенттіктің банкке, сақтандыру ұйымына еншілес ұйымды құруға немесе иеленуге, ұйымның капиталына қомақты қатысуға,
сондай-ақ банктің стрестік активтерді басқару жөніндегі еншілес ұйымды құруға немесе иеленуге рұқсат беру, рұқсатты кері қайтарып алу (күшін жою) жөніндегі мемлекеттік қызмет көрсету тәртібін және көрсетілген келісімді алу үшін ұсынылатын құжаттарға қойылатын талаптарда айқындайды.
Бұдан басқа, қаулымен құжаттардың тізбесі және оларды қарау мерзімдері, сондай-ақ тиісті рұқсаттар алуға өтініштердің нысандары айқындалған.
Сонымен қатар, алдағы бес жылға арналған бизнес-жоспардың мазмұнына, сондай-ақ стрестік активтерді басқару жөніндегі іс-шаралар жоспарын ұсынуға қойылатын талаптар көзделген.
Қосымша құжатта банк холдингіне немесе сақтандыру холдингіне еншілес ұйымды құруға немесе иеленуге, ұйымның капиталына қомақты қатысуға рұқсат беруге келісім алу жөніндегі талаптар алып тасталды.
Бұдан басқа, еншілес ұйымды иеленген жағдайда банктер мен сақтандыру ұйымдары үшін еншілес ұйымның басшы қызметкерлері туралы ақпаратты, өтініш берушінің үлестес тұлғалары туралы мәліметтерді және заңды тұлға туралы деректерді қоса алғанда, талап етілетін құжаттардың тізбесі қысқартылды.
Қаулының толық мәтінімен Агенттіктің интернет-ресурсында танысуға болады.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы