Агенттік басшысы ХВҚ басшылығымен қаржы нарығын дамытудың өзекті мәселелерін талқылады

Агенттік басшысы ХВҚ басшылығымен қаржы нарығын дамытудың өзекті мәселелерін талқылады

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы Мәдина Әбілқасымова және Халықаралық валюта қорының Басқарушы директорының орынбасары Бо Ли Қазақстанға сапары аясында қаржы секторын дамыту жөніндегі реформаларды, одан әрі ынтымақтастық перспективаларын, оның ішінде ағымдағы жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленіп жатқан «Банктер туралы» заң жобасын дайындау үшін техникалық көмекті іске асыруды талқылады.

Мәдина Әбілқасымова жаңа заңның озық халықаралық практикаға сәйкес банк секторында қаржы-технологиялық инновацияларды одан әрі дамыту үшін жағдайлар жасауға, экономикаға кредит беруді ынталандыру үшін заңнамалық талаптарды ырықтандыруға, исламдық қаржыландыруды дамытуға, сондай-ақ банктердің төлем қабілетсіздігін реттеу тетігін жетілдіруге бағытталатынын атап өтті.

Қаржы реттеушісінің басшысы ХВҚ мен Дүниежүзілік Банктің 2023 жылы Қазақстанда өткізген Қаржы секторын бағалау бағдарламасының (FSAP) қорытындылары бойынша ұсынымдардың орындалу барысы туралы хабарлады. Реттеуді одан әрі Базель қағидаттарына сәйкес келтіру мақсатында SREP, AQR және қадағалап стресс-тестілеу қорытындылары бойынша банктердің меншікті капиталының жеткіліктілігінің ең төменгі коэффициенттеріне қадағалау үстемеақысы енгізілді, сондай-ақ капиталдың консервациялық буферіне қойылатын талаптар жүйелік емес банктер үшін 2%-дан 2,5%-ға дейін ұлғайтылды. Шоғырландырылған деңгейде пруденциялық нормативтер мен тәуекелдерді басқару жүйелеріне қойылатын талаптарды енгізуді қоса алғанда, банк конгломераттарына шоғырландырылған қадағалауды күшейту бойынша жұмыс жүргізілуде, жыл соңына дейін жаңа пруденциялық норматив левередж коэффициентін енгізу сондай-ақ жұмыс істемейтін кредиттердің (NPL) кеңейтілген анықтамасын енгізу жоспарлануда.

Мадина Әбілқасымова сондай-ақ борыш жүктемесі коэффициентін (DSTI) есептеу, кепілсіз тұтынушылық кредиттің ең жоғары сомасын шектеу және жаңа макропруденциялық норматив – қарыз алушының кірісіне қатысты борыш коэффициентін (DTI) енгізу бөлігінде FSAP ұсынымының іске асырылуын атап өтті

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар қаржылық тұрақтылықты нығайту және қаржы нарығын дамыту үшін ХВҚ-дан техникалық көмектің негізгі бағыттарын айқындады.

 

Агенттіктің Сыртқы коммуникациялар Басқармасы

+7 (727) 237 1089

press@finreg.kz