Қазақстан банк секторының 2024 жылғы 1 шілдедегі жай-күйі туралы

Қазақстан банк секторының 2024 жылғы 1 шілдедегі жай-күйі туралы

2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстан Республикасының банк секторында 21 екінші деңгейдегі банк бар, оның
11-і шетелдің қатысуымен, оның ішінде 8-і еншілес банк.

2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша банк секторының активтері негізінен өтімді активтердің 5,8%-ға немесе 1,2 трлн теңгеге өсуі есебінен ағымдағы жылғы маусымда 3,9%-ға немесе 2,1 трлн теңгеге ұлғайып (2024 жылдың басынан бері 7,5%-ға немесе 3,9 трлн теңгеге өсу), 55,3 трлн теңгені құрады.

Екінші деңгейдегі банктердің өтімділігі жоғары активтері 16,3 трлн теңгені немесе активтердің 29,4%-ын құрады, бұл банктерге міндеттемелеріне толық көлемде қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.

2024 жылғы маусымда екінші деңгейдегі банктер экономикаға берген кредиттер 2,0%-ға 30,1 трлн теңгеге дейін (2024 жылдың басынан бері 7,7%-ға өсу), оның ішінде ұлттық валютада 1,5%-ға 27,6 трлн теңгеге дейін, шетел валютасында 7,4%-ға 2,5 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Нәтижесінде теңгедегі кредиттердің үлес салмағы 2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша 91,6 %-ды құрады.

Бизнес субъектілеріне берілетін кредиттер 2024 жылғы маусымда 2,0%-ға 11,8 трлн теңгеге дейін ұлғайды (2024 жылдың басынан бері 4,5%-ға өсу). Олардың құрылымында заңды тұлғаларға берілетін кредиттер 1,6%-ға 9,8 трлн теңгеге дейін өсті (2024 жылдың басынан бері 1,5%-ға ұлғаю). Оның ішінде ШОБ субъектілеріне қарыздар 5,8%-ға 5,9 трлн теңгеге дейін ұлғайды, ірі бизнеске қарыздар 4,0%-ға 3,9 трлн теңгеге дейін азайды, бұл негізінен осы санаттағы банктердің бірінің ШОБ қарыздары санатына қайта жіктелуіне байланысты. Дара кәсіпкерлерге берілетін кредиттер бір айда 3,8%-ға 1,9 трлн теңгеге дейін ұлғайды (2024 жылдың басынан бері 23,1%-ға өсу).

2024 жылғы маусымда бизнес субъектілеріне 1,4 трлн теңге сомаға жаңа қарыздар берілді, бұл 2023 жылғы маусыммен салыстырғанда 11,1%-ға артық (2024 жылдың 6 айында 8,2 трлн теңге сомаға берілді, бұл 2023 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 19,8%-ға артық).

Халыққа берілген кредиттер 2024 жылғы маусымда 2,0%-ға ұлғайып, 18,3 трлн теңгені құрады (2024 жылдың басынан бері 9,9%-ға өсу). Халыққа берілген кредиттердің өсуі тұтынушылық қарыздардың 2,8%-ға 11,6 трлн теңгеге дейін ұлғаюына, сондай-ақ ипотекалық кредиттеудің 0,7%-ға 5,5 трлн теңгеге дейін өсуіне байланысты.

2024 жылғы маусымда бизнес субъектілеріне ұлттық валютада берілген кредиттер бойынша сыйақының орташа алынған мөлшерлемесі 19,6%-ды (2024 жылғы мамырда – 19,8%), халыққа қатысты – бөліп төлеуге берілген қарыздар үлесінің ұлғаюы нәтижесінде 17,5%-ды (2024 жылғы мамырда  – 19,3%) құрады.

2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша банк секторы бойынша 90 күннен астам мерзімі өткен қарыздар деңгейі (NPL 90+) несие портфелінің 3,1%-ын немесе 988 млрд теңгені құрады (2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша – 2,9% немесе 864 млрд теңге).

Бизнеске берілген қарыздар бойынша NPL90+ деңгейі 2,2%-ды немесе 287 млрд теңгені, халыққа берілген кредиттер бойынша – 3,8%-ды немесе 700 млрд теңгені құрады. Жұмыс істемейтін қарыздарды провизиялармен өтеу жоғары деңгейде сақталып, 70,9%-ды құрайды (01.01.2024ж. – 75,9%).

Банк секторының міндеттемелері 2024 жылғы маусымда негізінен жеке тұлғалар салымдарының өсуі нәтижесінде 4,3%-ға 47,8 трлн теңгеге дейін ұлғайды (2024 жылдың басынан бері 7,3%-ға немесе 3,2 трлн теңгеге өсу).

Резиденттердің депозиттік ұйымдардағы депозиттері 2024 жылғы маусымда негізінен ұлттық валютадағы депозиттердің 3,9%-ға  
27,8 трлн теңгеге дейін өсуі нәтижесінде 3,7%-ға  35,7 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Шетел валютасындағы депозиттер 2024 жылғы маусымда 3,1%-ға 8,0 трлн теңгеге дейін, оның ішінде АҚШ долларының теңгеге қатысты нығаюы аясында қайта бағалау нәтижесінде ұлғайды. Нәтижесінде 2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша долларландыру деңгейі 22,3%-ды құрады (2024 жылғы маусымда – 26,5%).

Заңды тұлғалардың депозиттері 2024 жылғы маусымда 3,8%-ға 15,9 трлн теңгеге дейін, негізінен ұлттық валютадағы депозиттердің өсуі нәтижесінде ұлғайды. Жеке тұлғалардың депозиттері 3,4%-ға 15,8 трлн теңгеге дейін өсті.

Банктік емес заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы мерзімді депозиттері бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 2024 жылғы маусымда 13,5%-ды (2024 жылғы мамырда – 13,7%), жеке тұлғалардың депозиттері бойынша 13,6%-ды құрады (2024 жылғы мамырда  – 13,6%).

Банктердің меншікті капиталы негізінен ағымдағы жылғы  бөлінбеген таза пайданың ұлғаюы нәтижесінде   2024 жылғы маусымда 1,5%-ға 7,5 трлн теңгеге дейін ұлғайды (2024 жылдың басынан бері 9,2%-ға немесе 630 млрд теңгеге өсу). 2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша негізгі капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к1) 19,1%-ды, меншікті капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к2) 21,1%-ды құрады, бұл заңнамада белгіленген нормативтерден едәуір артық және банк секторындағы әлеуетті тәуекелдерді өтеуді қамтамасыз етеді.

2024 жылғы қаңтар – маусымда банктердің таза пайдасы 1 157 млрд теңгені құрады, бұл 2023 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 9,9%-ға көп. Банктік активтердің рентабельділігі (ROA) 2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша 4,5%-ды (2023 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша – 5,0%), капитал рентабельділігі (ROE) 33,3%-ды (2023 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша – 40,6%) құрады.

Толық шолу

 

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

 +7 (727) 237 1089, press@finreg.kz