Агенттік 2024 жылғы 1-тоқсандағы «Тәуекел жағдайындағы өсу» есебін жариялады

Агенттік 2024 жылғы 1-тоқсандағы «Тәуекел жағдайындағы өсу» есебін жариялады

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (бұдан әрі – Агенттік) 2023 жылғы 1-тоқсандағы «Тәуекел жағдайындағы өсу» есебін (бұдан әрі –Есеп) дайындады. Есепте әлемдегі және Қазақстандағы негізгі экономикалық оқиғалардың сипаттамасы, қаржылық жағдайлардың жиынтық индексі (FCI) және оның құрауыштары (ішкі қаржылық жағдайлардың, борыш жүктемесінің, сыртқы сұраныстың және сыртқы қаржылық жағдайлардың индекстері)[1] бойынша жаңартылған есептеулер, сондай-ақ FCI индекстерінің экономиканың шартты өсуі үлестіріліміне әсері  қамтылады.

Есепте 2024 жылғы 1-тоқсанда сыртқы нарықтарда негізінен қолайлы жағдай байқалғаны атап өтілді Жаһандық өсудің орнықтылығына қатысты инвесторлардың оптимизмі сақталды. Акциялар мен корпоративтік облигациялар нарығында өсу жалғасты. Жаһандық инфляция баяулауда, бірақ баяу қарқынмен. Көрсетілген сыртқы жағдайлар ішкі факторлармен бірге 2024 жылғы 1-тоқсанда макроқаржы жағдайларына және Қазақстанда күтілетін қысқа мерзімді өсуге оң әсер етті.

2024 жылғы 1-тоқсанда Қазақстан экономикасының өсуі 2023 жылғы 4-тоқсандағы ж/ж 5,1%-дан ж/ж 4,6%-ға дейін баяулады. ІЖӨ өсуінің баяулауы қызмет көрсету секторының, әсіресе сауданың өсу қарқынының төмендеуіне, сондай-ақ мұнай-газ секторындағы өндіріс пен инвестициялық белсенділіктің төмендеуіне байланысты Жылдық инфляция баяулады және 2023 жылғы желтоқсандағы 9,8%-дан төмендеп, 2024 жылғы наурызда  9,1%-ды құрады.

 Сыртқы және ішкі макроқаржы көрсеткіштерінің серпінін ескере отырып, 2024 жылғы 1-тоқсанда Агенттік қаржылық жағдайлардың жай-күйін бағалау үшін FCI жиынтық индексін есептеді. Мәселен, бағалауларға сәйкес, 2024 жылғы 1-тоқсанда FCI жиынтық индексі[2] 2021 жылғы                       4-тоқсаннан бастап алғаш рет теріс болып, алдыңғы тоқсанмен салыстырғанда 0,5 тармаққа төмендеп -0,2 тармақты құрады бұл макроқаржылық жағдайлардың жұмсартылғанын көрсетеді. Жағдайдың жақсаруы инфляция өсуінің баяулауымен, ақша және кредит нарықтарындағы пайыздық мөлшерлемелердің төмендеуімен, сондай-ақ әлемдік қор нарығының өсуімен және шикізат  тауар нарықтарындағы бағалардың құбылмалылығының төмендеуімен байланысты.

GaR бағалауы 2024 жылғы 1-тоқсанда макроқаржы жағдайларының жақсаруы қысқа мерзімді кезеңде Қазақстанның ІЖӨ-нің орташа шартты өсімін арттыратынын, бірақ орта мерзімді кезеңде шамалы төмендеу күтілетінін көрсетеді. Ағымдағы макроқаржылық жағдайлардың әсерін ескере отырып, GaR моделі негізінде есептелген экономиканың өсуі бойынша ҚР Үкіметінің базалық болжамының (2024-2025жж. 6%)  үлестіріліміне сәйкес ІЖӨ-нің медиандық өсуі 2024 жылы 5,1%[3] және 2025 жылы 4,8%3 деңгейінде бағаланады.

Жалпы алғанда макроқаржылық жағдайлардың жеңілдеуі аясында алдыңғы тоқсандағы бағалаумен салыстырғанда экономикалық перспективалар үшін қысқа мерзімді тәуекелдер төмендеді.

Қаржылық жағдайлар мен макрокөрсеткіштер индекстерінің серпіні, олардың ІЖӨ-нің шартты өсуіне әсерін бағалау, сондай-ақ FCI жаһандық индексі және негізгі тұжырымдар туралы толығырақ Есептің толық мәтінінен танысуға болады.

 

 

Агенттіктің Сыртқы коммуникациялар басқармасы:

 +7 (727) 2371089, press@finreg.kz

 

[1] FCI индекстерін есептеу үшін 2024 жылғы 17 мамырдағы жағдай бойынша 20 макроқаржы көрсеткіші бойынша тоқсандық статистикалық ақпарат пайдаланылды. Тәуекел жағдайындағы өсу (Growth at Risk) моделінің әдіснамалық сипаттамасымен мына сілтеме бойынша толығырақ танысуға болады https://www.gov.kz/memleket/entities/ardfm/documents/details/246028?lang=ru

 

[2] FCI жиынтық индексінің оң мәні неғұрлым қатаң/шектеулі талаптарды ал теріс мәні неғұрлым қолайлы/жеңілдететін талаптарды көрсетеді.

[3] ЖІӨ өсімі жөніндегі Агенттіктің ресми болжамдары болып табылмайды