Қазақстанның бағалы қағаздар нарығының 2024 жылғы 1 сәуірдегі жай-күйі туралы

Қазақстанның бағалы қағаздар нарығының 2024 жылғы 1 сәуірдегі жай-күйі туралы

Акциялар нарығын капиталдандыру негізінен «ForteBank» АҚ (+55,8%), «Kaspi.kz» АҚ (+25,0%) және «Қазақстан Халық Банкі» АҚ (+7,5%) акциялары бағасының өсуі есебінен 2024 жылғы наурызда 9,0%-ға немесе 2,6 трлн теңгеге (2024 жылдың басынан бастап 15,3%-ға өсу) ұлғайып, 2024 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша 30,8 трлн теңгені құрады.

Ағымдағы жылдың наурыз айында акциялармен сауда-саттық көлемі 13,3 млрд теңгені құрап, бір айда 6,3 есеге немесе 71,1 млрд теңгеге азайды. Сауда-саттық көлемінің едәуір төмендеуі ақпан айында «Air Astana» АҚ IPO өткізу себебінен салыстырудың жоғары базасына байланысты болды, оның акциялары 54,7 млрд теңгені құрады.

2024 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша «Қазақстан қор биржасы» АҚ (бұдан әрі – KASE) сауда тізімдерінде 85 эмитенттің 100 түрлі акциялары болды.

2024 жылғы наурызда KASE индексі 5,7%-ға 5 077,8 тармаққа дейін өсті (2024 жылдың басынан бастап 21,3%-ға өсті).

«KASE Global» секторында 2024 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша 45 түрлі акция,  53 шетелдік эмитенттің 11 ETF болды. «KASE Global» секторындағы сауда-саттық көлемі бір айда 51,1%-ға немесе 0,9 млрд теңгеге ұлғайып, 2024 жылғы наурызда 2,6 млрд теңгені құрады.

KASE-де саудаланатын корпоративтік борыштың көлемі 2024 жылғы наурызда 13,5 трлн теңгеге дейін 0,1%-ға немесе 7,4 млрд теңгеге ұлғайды (2024 жылдың басынан бастап 0,3%-ға төмендеу).

2024 жылғы наурызда KASE корпоративтік облигациялармен сауда-саттық көлемі өткен аймен салыстырғанда 31,7%-ға немесе 27,7 млрд теңгеге 114,9 млрд теңгеге дейін ұлғайды. 2024 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша KASE сауда-саттық тізімдерінде 113 эмитенттің корпоративтік облигацияларының 416 шығарылымы болды.

2024 жылғы наурызда корпоративтік облигациялардың бастапқы нарығының көлемі 94,5 млрд теңгені құрады, бұл 2024 жылғы ақпандағы көрсеткіштен 58,7%-ға немесе 35,0 млрд теңгеге жоғары.

KASE-де саудаланатын мемлекеттік борыш 2024 жылғы наурызда 0,6%-ға 24,2 трлн теңгеге дейін төмендеді (2024 жылдың басынан бастап 1,3%-ға өсті).

KASE-де мемлекеттік бағалы қағаздармен сауда-саттықтың жиынтық көлемі 2024 жылғы наурыз айының қорытындысы бойынша 515,2 млрд теңгені құрап, бір айда 11,7%-ға немесе 68,0 млрд теңгеге азайды. 

МБҚ бастапқы нарығындағы сауда-саттық көлемі 2,3%-ға немесе 9,7 млрд теңгеге 422,1 млрд теңгеге дейін азайды. Бұл ретте, орналастырудың барлық көлемі жылдық 11,4 - 12,15% орташа алынған кірістілікпен Қаржы министрлігіне тиесілі.

Ұжымдық инвестициялау нарығында 2024 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша 52 инвестициялық пай қоры жұмыс істеді, оның ішінде 25 аралық, 26 жабық және 1 ашық пай қоры.

Ұжымдық инвестициялар нарығындағы басқарудағы активтер 2024 жылғы 1 наурызда  0,2%-ға немесе 0,7 млрд теңгеге азайып, 2024 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша 280,7 млрд теңгені құрады. 2024 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша бағалы қағаздар портфелі 244,4 млрд теңгені немесе инвестициялық пай қорларының жиынтық активтерінің 87,1%-ын құрады.

2024 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша бағалы қағаздар нарығының институционалдық құрылымына 40 брокер мен дилер (16 банк және 24 банктік емес ұйым), 11 кастодиан-банк, 21 инвестициялық портфельді басқарушы, 3 трансфер-агент, сондай-ақ 3 инфрақұрылымдық ұйым: KASE, KASE Клирингтік орталығы және бірыңғай тіркеуші мен  сауда репозиторийінің функцияларын орындайтын Бағалы қағаздардың орталық депозитарийі кірді.

2024 жылғы наурызда Орталық депозитарийдің номиналды ұстау жүйесіндегі шоттардың саны 6,1%-ға ұлғайып, 2 793 мың шотты құрады, оның ішінде:

  • депоненттер клиенттерінің қосалқы шоттарының саны 707,3 мың қосалқы шотқа дейін 1,6 мыңға немесе 0,2%-ға ұлғайды (2024 жылдың басынан  10,9 мыңға немесе 1,6%-ға өсті);
  • брокерлер ашқан және жинақталған омнибус-шоттар арқылы есепке алынатын дербес шоттар саны 2 085 мың шотқа дейін 158,2 мыңға немесе 8,2%-ға өсті (2024 жылдың басынан 336,2 мыңға немесе 19,2%-ға өсті).

Бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушылардың активтері 2024 жылғы 1 сәуірге 687,0 млрд теңгені құрады, 2024 жылғы наурызда Өзге жиынтық кіріс арқылы әділ құн бойынша ескерілетін және өзгерістері пайда немесе залал құрамында көрсетілетін әділ құн бойынша бағаланатын бағалы қағаздар портфелінің өсуі нәтижесінде 1,4% - ға немесе 9,2 млрд теңгеге ұлғайды.

Бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушылардың активтері басқа жиынтық кіріс арқылы әділ құн бойынша ескерілетін және  өзгерістері пайда немесе шығын құрамында көрсетілетін, әділ құн бойынша бағаланатын бағалы қағаздар портфелінің өсуі нәтижесінде 2024 жылғы наурызда 1,4%-ға немесе 9,2 млрд теңгеге ұлғайып, 2024 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша 687,0 млрд теңгені құрады (2024 жылдың басынан 2,2%-ға азайды). Міндеттемелер негізінен РЕПО операциялары бойынша берешектің 5,5 млрд теңгеге ұлғаюы есебінен 214,6 млрд теңгеге дейін 2,2%-ға немесе 4,7 млрд теңгеге ұлғайды (2024 жылдың басынан 10,7%-ға азайды). Меншікті капитал негізінен бөлінбеген пайданың және басқа да жиынтық кіріс арқылы әділ құны бойынша есепке алынатын бағалы қағаздарды қайта бағалауға арналған резервтің ұлғаюы нәтижесінде 472,6 млрд теңгеге дейін 1,0%-ға немесе 4,5 млрд теңгеге өсті (2024 жылдың басынан 2,1%-ға өсті).

 

 

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

+7 (727) 237 1089, press@finreg.kz