«KBTU RISK MANAGEMENT CASE COMPETITION» тәуекел менеджменті бойынша кейс-чемпионатқа қатысу туралы

«KBTU RISK MANAGEMENT CASE COMPETITION» тәуекел менеджменті бойынша кейс-чемпионатқа қатысу туралы

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Қазақ-Британ техникалық университеті мен Мемлекеттік кредиттік бюромен бірлесіп, Қазақстан қаржы ұйымдарының қолдауымен Қазақстанның жоғары оқу орындарының студенттері мен магистранттарының арасында «KBTU Risk Management Case Competition» тәуекел менеджменті бойынша кейс-чемпионат өткізді.

Тәуекел менеджменті бойынша кейс-чемпионат қарыз алушы дефолтының тәуекелін модельдеу бойынша талдамалық сервисті әзірлеу және оны таныстыру форматында өтті.

«Модельдеу тәуекелдерді басқарудың маңызды құралы болып табылады. Тәуекелдердегі модельдеу ықтимал қауіптерді айқындауға әрі бағалауға ғана көмектесіп қоймай, сондай-ақ шығындарды барынша азайтуға және пайданы оңтайландыруға ықпал ететін негізделген шешімдер қабылдау үшін құнды инсайттар ұсынады», - деді Агенттік Төрағасының орынбасары Олжас Қизатов.

Қаржы реттеушісінің өкілі статистикалық және математикалық модельдердің көмегімен ықтимал корреляция мен себеп-салдарлық байланыстарды анықтауға арналған деректердің үлкен көлемдеріне талдау жасауға болатынын, оның тәуекелдерді біршама нақты бағалау мен жіктеуге ықпал ететінін атап өтті.

Агенттік өз қызметінде корпоративтік қарыз алушылардың, сондай-ақ қарыз алушы-жеке тұлғалардың кредиттік қабілеттілігін бағалау кезінде модельдеу мен машиналық оқыту алгоритмдерін белсенді түрде пайдаланады. Атап айтқанда, тұрақты банктік қадағалау процестері – активтер сапасын бағалау (AQR) мен қадағалап стресс-тестілеу активтер бойынша тәуекел метрикаларының модельдік бағаларына негізделген.

Осылайша, банк жүйесі активтерінің 85%-дан астамын қамтитын банктердің деректеріне банк жүйесінің ағымдағы күндегі тұрақтылығы тұрғысынан Агенттіктің модельдері бойынша, сондай-ақ экономиканы дамытудың ықтимал стрестік сценарийлерінің шеңберінде жыл сайын талдау жасалады. Агенттік сапалы әрі орынды модельдер құру үшін миллиондаған қарыздар мен қарыз алушылар бойынша бірнеше жылдағы деректердің үлкен ауқымын өңдейді.

Іс-шара қатысушыларға өзекті бизнес-міндетті шешуде практикалық тәжірибе, еліміздің тәжірибелі тәуекел менеджерлерінен консультациялар алуға, сондай-ақ өздерінің кәсіби нетворкингін кеңейтуге және жаңа мансаптық мүмкіндіктер ашуға көмектесті.

 

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

+7 (727) 237 1089, press@finreg.kz