Агенттіктің және Ұлттық Банктің Қытай Халық Республикасына сапары

Агенттіктің және Ұлттық Банктің Қытай Халық Республикасына сапары

2024 жылғы 28-29 ақпанда Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы М.Е. Әбілқасымованың және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы Т.М. Сүлейменовтің басқаруымен делегация Қытай Халық Республикасына жұмыс сапарымен барды.

Қазақстан делегациясы қаржы нарығының реттеушілерімен, атап айтқанда Қытай Халық банкімен және Қытай Халық Республикасының Қаржылық реттеу жөніндегі ұлттық әкімшілігімен, сондай-ақ Қытай банктері қауымдастығымен және ҚХР ірі банктік құрылымдарымен келіссөздер жүргізді.

Тараптар екі елдің қаржы институттарына жәрдем көрсетуге және қаржы-банк ынтымақтастығын кеңейту үшін қолайлы жағдайлар жасауға уағдаласты. Реттеушілер арасындағы өзара іс-қимылдың негізгі бағыттары тиісті үшжақты құжатта бекітілетін болады, оған қол қою 2024 жылдың соңына дейін жоспарланып отыр.

Бұдан басқа, Қытай капиталы қатысатын банктердің қызметін жандандыру, оның ішінде Қазақстан Республикасы экономикасының негізгі салалары бойынша корпоративтік кредиттеу тұрғысынан қолда бар әлеуетті аша түсуге бағытталған уағдаластықтар келіссөздердің маңызды нәтижелері болып табылды.

 

 

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

+7 (727) 237 1089, press@finreg.kz