Қазақстанның микроқаржы ұйымдарының 2024 жылғы 1 қаңтардағы жай-күйі туралы

Қазақстанның микроқаржы ұйымдарының 2024 жылғы 1 қаңтардағы жай-күйі туралы

Микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың (бұдан әрі – МҚҚЖҰ) активтері 2023 жылғы 4-тоқсанда 0,4%-ға немесе 11 млрд теңгеге (2023 жылы 20,9%-ға өсу) төмендеп, 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 2,5 трлн теңгені құрады. Активтердің төмендеуі кредиттік серіктестіктердің кредиттік портфелінің төмендеуімен байланысты.

МҚҚЖҰ құрылымында активтердің ең көп бөлігі микроқаржы ұйымдарына - 1 387 млрд теңге немесе 54,4%, кредиттік серіктестіктерге – 847 млрд теңге немесе 33,2%, ломбардтарға - 315 млрд теңге немесе 12,4% тиесілі.

МҚҚЖҰ-ның несие портфелі 2023 жылғы 4-тоқсанда 0,9%-ға 2,4 трлн теңгеге дейін азайды (2023  жылы 14,8%-ға өсу).

Заңды тұлғаларға берілген қарыздар 2023 жылғы 4-тоқсанда 6,0%-ға 804 млрд теңгеге дейін азайды (2023  жылы 3,5%-ға өсу).

Дара кәсіпкерлерге берілген қарыздар 331 млрд теңгеге дейін  0,2%-ға азайды  (2023  жылы  42,7%-ға өсу).

Жеке тұлғаларға берілген қарыздардың көлемі 2023 жылғы 4-тоқсанда 2,2%-ға ұлғайып (2023 жылы 16,4%-ға өсу), 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 1,3 трлн теңгені құрады.

МҚҚЖҰ портфеліндегі 90 күннен астам мерзімі өткен қарыздардың (NPL90+) деңгейі 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша  3,9%-ды құрады (01.01.2023ж. – 3,7%). Жеке тұлғалардың портфелінде 90 күннен астам мерзімі өткен микрокредиттердің үлесі 5,5%-дан 5,6%-ға дейін өсті.  

2023 жылғы 4-тоқсанда МҚҚЖҰ-ның міндеттемелері 2,3%-ға 1,7 трлн теңгеге дейін төмендеді (2023 жылы 12,9%-ға өсу). Қорландыру құрылымындағы негізгі үлес алынған қарыздарға тиесілі, олардың үлесі жиынтық міндеттемелердің 77,0%-ын немесе 1,3 трлн теңгені құрайды. Міндеттемелердің төмендеуі тартылған қарыздарды өтеуге байланысты.

МҚҚЖҰ-ның меншікті капиталы тоқсан ішінде негізінен микроқаржы ұйымдарының жарғылық капиталының ұлғаюы және ағымдағы кезеңнің бөлінбеген пайдасы есебінен 3,5%-ға ұлғайып, 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша  869 млрд теңгені құрады (2023 жылы 40,2%-ға өсу).

 

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

+7 (727) 237 1089, press@finreg.kz