
2024 жылғы 23 ақпанда Астана қаласында Жаһандық жасыл өсу институты (The Global Green Growth Institute (Gggi) ұйымдастырған «Орталық Азия: Орнықты қаржыландыру бойынша дөңгелек үстел басындағы семинар» деген тақырыпта конференция өтті.
Анықтама үшін: GGGI – штаб-пәтері Оңтүстік Кореяның Сеул қаласында орналасқан, 2010 жылы құрылған үкіметаралық ұйым. Ұйым экономикалық өсуді экологиялық орнықтылықпен теңестірумен сипатталатын жасыл өсуге ықпал етеді және техникалық қолдау, зерттеу мүмкіндіктерін ұсынады және мүдделі тараптарды, әсіресе дамушы елдерде жасыл өсу жоспарларын жасауға тартады.
Конференция барысында GGGI өкілдері орнықты даму саласындағы өз қызметін таныстырды, конференцияның барлық қатысушыларымен одан әрі ынтымақтастыққа, техникалық және консультациялық көмек көрсетуге белсенді қызығушылық танытты.
Бағалы қағаздар нарығы департаментінің директоры Айдын Дәулетбақ атап өткендей: «Жаһандық климаттық күн тәртібіне сүйене отырып, Қазақстан «жасыл» экономиканың дамуына елеулі үлес қосты. Бүгінгі күні «жасыл» қаржыландыруды дамыту үшін барлық заңнамалық және реттеуші негіздер қалыптастырылды, сондай-ақ орнықты қаржыландыру құралдарын дамыту үшін қор нарығының инфрақұрылымын жетілдіру бойынша жұмыс жүргізілді».
«Жасыл» экономика тұжырымдамасы көптеген елдердің, оның ішінде Қазақстанның үкіметтері үшін стратегиялық басымдыққа айналды. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы қағидаттар мен негізгі идеялар халықаралық деңгейде бекітілген, ал нақты бағдарламалар мен нысаналы көрсеткіштерді әзірлеу ұлттық деңгейде жүзеге асырылады.
Агенттік пен қатысушылар бүгінгі күні орнықты даму қағидаттарын күшейтуге, ESG қағидаттарын енгізуге байланысты қаржы әлемінде елеулі өзгерістер байқалып отырғанын атап өтті. Бұл қағидаттар жаһандық қаржы нарығындағы инвестициялық стратегияларды, шешімдер мен практикаларды анықтауда шешуші факторға айналды.
Конференция аясында ESG мәселелері бойынша хабардарлықты арттыру, орнықты қаржыландыру мүмкіндіктерін және «жасыл» кредиттік және борыштық құралдарды енгізу әлеуетін түсінуді кеңейту мәселелері талқыланды.
Агенттіктің Сыртқы коммуникациялар басқармасы:
+7 (727) 2371089, press@finreg.kz