
2024 жылғы 21 ақпанда Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы Мәдина Әбілқасымова сақтандыру нарығына қатысушылармен сақтандыру секторын қадағалау саясатының 2024 жылға арналған басымдықтарын талқылау бойынша кездесу өткізді.
Кездесу Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы өкілдерінің, сақтандыру ұйымдары мен Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры басшыларының, сондай-ақ сақтандыру омбудсманының қатысуымен өтті.
2023 жылды қорытындылай келе, Агенттік сақтандыру секторы барлық негізгі көрсеткіштер бойынша өсуді көрсететінін және капиталдандыру бойынша да, өтімділік көрсеткіштері бойынша да айтарлықтай беріктік қорының бар екендігін атап өтті.
2024 жылдың басында сақтандыру ұйымдарының активтері 2,49 трлн теңгені құрап, бір жылда 20,7%-ға ұлғайды. Міндеттемелер 1,59 трлн теңгеге дейін ұлғайды, бұл өткен жылдың көрсеткіштерінен 23,2%-ға артық. Сақтандыру сыйлықақыларының көлемі 1 трлн теңгеге жетті. 2023 жылы сақтандыру төлемдерінің көлемі өткен жылмен салыстырғанда 43,7%-ға ұлғайып, 274 млрд теңгені құрады.
Тәуекелдерді сапалық және сандық бағалауды қамтитын SRES (Supervisory risk evaluation system) әдіснамасын пайдалана отырып, реттеуші сақтандыру ұйымдарына қатысты қадағалау назарының деңгейін белгіледі. Атап айтқанда, 2 сақтандыру ұйымына экстремалды қадағалау, 3 ұйымға қарқынды қадағалау, 7 ұйымға егжей-тегжейлі қадағалау, 5 ұйымға бақылау, 8 ұйымға стандартты қадағалау белгіленді.
Осы бағалау негізінде 2024 жылы сақтандыру ұйымдарын қадағалаудың түрі мен қарқындылығы айқындалатын болады. Қадағалау процесінде сақтандыру омбудсманына және Агенттікке келіп түсетін сақтандыру қызметтерін тұтынушылардың шағымдары мен өтініштерін қарау нәтижелері, сондай-ақ сот кабинетін, сақтанушылардың пікірлері мен жаңалықтар порталдарын талдауды қоса алғанда, ашық дереккөздерден (Open Source Intelligence) алынған деректерді жинау әдістері белсенді түрде пайдаланылатын болады.
2024 жылы Агенттік сақтандыру нарығына қатысушылар қызметінің іс-қимыл құрауыштарына баса назар аудара отырып, тәуекелге бағдарланған қадағалау моделін жетілдіру жұмысын жалғастыратын болады. Бұл клиенттермен, контрагенттермен және бәсекелестермен қарым-қатынасты қоса алғанда, олардың қызметінің түрлі аспектілерін тиісінше бақылауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
2023 жылы Дүниежүзілік банк Қазақстандағы бірлескен экономикалық зерттеулер бағдарламасы (JERP) шеңберінде Халықаралық сақтандыру қадағалаулары қауымдастығы (IAIS) белгілеген сақтандырудың негізгі қағидаттарына (ICP) Қазақстан заңнамасының сәйкес келуі тұрғысынан бағалау жүргізді.
Осы бағалауға сәйкес 25 қағидаттың 14-і сақталады. Осыған байланысты, 2024 жылы Агенттік клиенттерге әділ көзқарас қағидаттарын енгізу, тұтынушылардың түрлі санаттарының мүдделерін ескере отырып, сақтандыру өнімдерін әзірлеу және тұтынушылардың шағымдарын реттеу бойынша сақтандыру ұйымдары басшыларының жауапкершілігін белгілеу бөлігінде сарапшылардың ұсынымдарын орындау жөнінде жұмыс жүргізетін болады.
Сақтандыру ұйымдарының қаржылық орнықтылығын қамтамасыз ету үшін Агенттік Solvency II халықаралық стандартын енгізу бойынша жүйелі жұмысты жалғастыратын болады. Сақтандыру ұйымдарының капиталына (SCR) және меншікті қаражатына жаңа талаптарды әзірлеу үшін тестілік есептеулер жүргізу жоспарлануда.
17 ХҚЕС бойынша қаржылық есептілікті ұсынуды бақылау сондай-ақ Агенттіктің қадағалау саясатының басым бағыты болып табылады. Бүгінгі күні сақтандырушыларда 17 ХҚЕС бойынша қаржылық есептілікті автоматтандыру жоқ, ал жеке IT шешімдерді енгізу үшін айтарлықтай шығыстар талап етіледі. Сондықтан ағымдағы жылы Агенттік сақтандыру ұйымдарымен бірлесіп 17 ХҚЕС талаптарын қанағаттандыру үшін қажетті көрсеткіштер жиынтығын модельдеу және есептеу үшін бұлтты есептеулерді қоса алғанда, 17 ХҚЕС бойынша бірыңғай автоматтандырылған жүйені енгізу мүмкіндігін қарастыратын болады.
Бұл әрбір нарыққа қатысушыға түсетін қаржылық жүктемені жеңілдетеді және қаржылық есептіліктің ашықтығы мен дұрыстығын қамтамасыз етеді.
Сақтандыру секторын цифрландыру реттеуші үшін әлі де басты артықшылық болып қала береді.
2024 жылдан бастап сақтандырудың барлық міндетті түрлері бойынша сақтандыру жағдайларын онлайн реттеу және міндетті автосақтандыру бойынша сақтандыру жағдайын реттеудің оңайлатылған тәртібі (Еурохаттама) енгізілді.
Тұтынушы кеңсеге бармай-ақ сақтандыру ұйымының сайты арқылы сақтандыру төлемін алу үшін өтініш пен құжаттарды бере алады. Өтініштен бастап төлем жасауға дейінгі сақтандыру жағдайын реттеу процесінің барлық кезеңдері тұтынушының жеке кабинетінде көрсетіледі және Сақтандыру жөніндегі бірыңғай дерекқорда тіркеледі.
Азаматтар мобильді қосымша (Еурохаттама) арқылы сақтандыру төлемін жеделдетілген режимде алуға өтініш бере алады. Ағымдағы жылдың тек бірінші айында Еурохаттаманың 423 жағдайы ресімделді, жалпы сомасы 41,6 млн теңгеге 223 сақтандыру төлемі жүргізілді. Орташа төлем 187 550 теңгені құрайды, реттеудің орташа мерзімі – 5 күн.
2024 жылы Агенттік нарыққа қатысушылармен бірлесіп тұтынушыларға сақтандыру қызметтерінің бүкіл ауқымын ұсыну үшін электрондық алаңдар (маркетплейс) құру нұсқаларын қарайтын болады. Бұл клиенттердің сақтандыру ұйымдарының ұсыныстары туралы хабардар болуын арттырады, ал сақтандыру ұйымдарына сақтандыру өнімдерін әзірлеу кезінде клиенттердің дербес мүдделерін есепке алуға мүмкіндік береді.
Алдағы уақытта Қазақстанда апаттық тәуекелдерден сақтандыруды енгізу маңызды басымдыққа ие болады.
2024 жылы апаттық оқиғалар туындаған жағдайда халықаралық сарапшыларды тартумен (сақтандыру моделін айқындау, жол картасын және заңнамалық түзетулерді әзірлеу) халықты мүліктік қорғаудың тетіктерін айқындау бойынша жұмыс жүргізілетін болады.
Кездесуге қатысушылар сақтандыру ұйымдарын пруденциялық реттеуді жетілдіру, сақтандыру қызметтерін цифрландыруды дамыту, 17 ХҚЕС стандартының шеңберінде автоматтандыру бойынша өзекті мәселелерді талқылады.
Агенттіктің бастамасы бойынша Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының алаңында сақтандыру нарығын дамыту және реттеуші белгілеген басым мәселелерді талқылау бойынша ұсыныстарды әзірлеу үшін жұмыс тобы құрылады.
Сақтандыру секторын қадағалау саясатының 2024 жылға арналған негізгі басымдықтарының толық мәтіні Агенттіктің интернет-ресурсында жарияланатын болады.
Агенттіктің Сыртқы коммуникациялар басқармасы
+7 (727) 237-10-89, press@finreg.kz