
Агенттік қызметін қамтамасыз ету департаментінің бастамасы бойынша 2023 жылғы маусымда Қазақ тіліндегі сөйлесу клубы құрылды. Клуб қызметкерлердің түрлі баспасөз конференцияларында, отырыстарда, жиналыстар мен кеңестерде көпшілік алдында қазақ тілінде еркін сөз сөйлеу дағдыларын арттыру мақсатында ұйымдастырылды.
Клубтың жұмыс істеу кезеңінде түрлі өзекті тақырыптар қозғалды, оның ішінде «Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттiк реттеу, бақылау және қадағалау туралы» ҚР Заңын талқылау, Абай Құнанбаевтың Қара сөздері, мемлекеттік рәміздер, Қазақстанның тәуелсіздігі, қазақтың мақал-мәтелдері, салт-дәстүрлері сияқты ұлттық және мәдени құндылықтар, сондай-ақ Агенттіктегі жұмыс, халықтың шамадан тыс кредит алу мәселесі, қаржылық сауаттылықты арттыру және алаяқтыққа қарсы іс-қимыл және басқа да көптеген тақырыптар.

Клубтың 2023 жылғы жұмыс қорытындысы бойынша Клубтың белсенді қатысушылары – Шыңғыс Қазыбай (Заң департаменті), Аес Алимбекер (Стратегия және талдау департаменті), Сымбат Нурова (Ақпараттық және киберқауіпсіздік департаменті), Асқар Аманжол (Агенттік қызметін қамтамасыз ету департаменті) атап өтілді.
Клубтың жұмысын 2024 жылы жандандыру мақсатында ҚР белгілі тұлғаларымен кездесу ұйымдастыру, сондай-ақ Агенттік қызметкерлерінің түрлі тақырыптарға қазақ тілінде сөз сөйлеуін ұйымдастыру жоспарланып отыр.
Қазақ тіліндегі сөйлесу клубының аясында қызметкерлердің 2024 жылға арналған сөз сөйлеу кестесіне сәйкес, 2024 жылғы 2 ақпанда Клубтың 2024 жылғы алғашқы отырысы өткізілді.
Сақтандыру нарығы және актуарлық есеп айырысу департаменті Актуарлық есеп айырысу басқармасының жетекші маман – актуарийі Аян Жұмашев Актуарий мамандығы тақырыбы бойынша сөз сөйледі
Сөз сөйлеу барысында қатысушылар актуарий мамандығы туралы танымдық ақпаратпен танысты: мамандықтың ерекшеліктері мен қиындықтары, актуарлық қызметтің маңыздылығы мен өзектілігі, сақтандыру саласында актуарлық есеп айырысуды пайдалану жағдайлары туралы айтылды. Актуарлық қызмет бойынша шетелдік тәжірибеге қысқаша шолу жасалды.
Отырыс соңында спикер қатысушылардың сұрақтарына жауап берді. Клуб атынан спикерге естелік сыйлық тапсырылды.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы
+7 (727) 237 1089, press@finreg.kz