
2023 жылғы 17 қазанда Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің №75 қаулысымен «Банктердің, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банктері филиалдарының және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қойылатын талаптарды, Ақпараттық жүйелердегі бұзушылықтар, іркілістер туралы мәліметтерді қоса алғанда, ақпараттық қауіпсіздіктің оқыс оқиғалары туралы ақпаратты беру қағидалары мен мерзімдерін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 27 наурыздағы № 48 қаулысына толықтыру енгізілді.
Толықтыруда банктердің, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банктері филиалдарының және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың қашықтан қызмет көрсетуін бағдарламалық қамтамасыз ету қауіпсіздігіне қойылатын талаптарды күшейту көзделген.
Жаңа нормалар бағдарламалық қамтамасыз етуге қойылатын талаптарды күшейту есебінен банк қызметтерін көрсетудің ақпараттық қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған, олардың ішінде:
- бағдарламалық қамтамасыз ету кодтарын әзірлеу, пысықтау және сақтау қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
- бірқатар маңызды операцияларды жүзеге асыру кезінде Сәйкестендіру деректерімен алмасу орталығы арқылы клиенттің биометриялық сәйкестендіруін пайдалану;
- мобильді құрылғыда қашықтан басқару бағдарламаларын пайдалану кезінде немесе қауіпсіздік функциялары бұзылған кезде қосымшаның жұмысын шектеу (Jailbreak, root access);
- қосымшада ақшалай қаражатпен операцияларды жүзеге асыру барысында геолокациялық деректерді жазу.
Басқарма қаулысының толық мәтінімен Агенттіктің интернет-порталында және Әділет ақпараттық-құқықтық жүйесінде танысуға болады.