
Экономиканың нақты секторын қаржыландыруда банк секторы маңызды рөл атқарады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифинг шеңберінде Агенттік Төрағасының орынбасары Олжас Қизатов айтып берді.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен бизнес субъектілеріне кредит беруге қолдау көрсету мақсатында Агенттік 2020 жылдан бері пруденциялық ынталандыру шараларын іске асыруда. Олардың шеңберінде банктердің капиталы мен өтімділігіне түсетін реттеушілік жүктеме азайтылды, сондай-ақ банктердің кепіл саясатына қойылатын талаптар жеңілдетілді.
Қазіргі уақытта Агенттік синдикатталған кредит беруді дамыту, еншілес шетелдік банктер тарапынан кредит беру мүмкіндіктерін кеңейту, сондай-ақ шетелдік банктерді тарту және қабылданатын талаптарды ырықтандыру есебінен банк секторында бәсекелестікті арттыру үшін қосымша шараларды да іске асыруда.
Нәтижесінде 2023 жылғы 10 айда экономикаға берілген кредиттер 15,3%-ға ұлғайып, 26,3 трлн теңгені құрады. Жеке тұлғаларға берілген кредиттер 22,4%-ға өсті. Олар негізінен тұтынушылық кредиттердің
25,4%-ға және ипотекалық кредиттердің 11,8%-ға ұлғаюы есебінен өсті.
Бизнеске берілген кредиттер ШОБ кредиттерінің өсуі есебінен
14,9%-ға ұлғайып, 10,4 трлн теңгені құрады.
«Өңірлер бойынша экономикаға кредит беруге келер болсақ, жыл басынан бері еліміздің барлық өңірлерінде экономикаға кредит берудің өскенін атап өту қажет», - деп атап өтті Олжас Қизатов.
Жыл басынан бері Алматы облысында 54,9%-ға, Ұлытау облысында – 35,8%-ға, Түркістан облысында – 31,6%-ға, Абай облысында – 28,3%-ға, Маңғыстау облысында – 27,4%-ға, Жамбыл облысында – 22,5%-ға, Қызылорда облысында – 20,1%-ға айтарлықтай өсу байқалады. Бұл ретте берілген кредиттер негізінен республикалық маңызы бар қалаларда шоғырланған: Алматы қ. – 42,2%, Астана қ. – 13,6%, Шымкент қ. – 5,7%.
«Салалар бойынша экономикаға кредит берудің едәуір үлесі өнеркәсіпке – 11,5% және саудаға – 10,2% тиесілі», - деді Агенттік Төрағасының орынбасары.
Бұл ретте жыл басынан бері кредит берудің көлік және сауда салалары бойынша тиісінше 24% және 16%-ға өсуі байқалады.
«Агенттік қаржы ұйымдарының экономикаға кредит беруін ынталандыру бойынша жүйелік жұмысты жалғастыратын болады», - деп қорытындылады спикер.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы
+7 (727) 237 1089, press@finreg.kz