Банк секторындағы қадағалау процестерін дамыту туралы

Банк секторындағы қадағалау процестерін дамыту туралы

Орталық коммуникациялар қызметі алаңындағы брифинг шеңберінде Агенттік Төрағасының орынбасары Олжас Қизатов банк секторын бағалау қорытындылары туралы айтып берді.

Мәселен, ХВҚ және Дүниежүзілік Банк сарапшылары Қаржы секторын бағалау бағдарламасы (FSAP) шеңберінде тәуекелге бағдарланған қадағалау мен сектордың орнықтылығын қамтамасыз ететін қадағалау құралдарын дамытуда айтарлықтай прогресті атап өтті.

Сонымен қатар банк секторының дамуын көрсеткіштердің тұрақты сапалы өсуі растайды: 2023 жылғы 10 айдың қорытындысы бойынша банктердің активтері 8,6%-ға ұлғайып,  48,4 трлн теңгені құрады. Банк секторының ағымдағы тәуекелдерді өтеу үшін жеткілікті капитал қоры бар. Капиталдың жеткіліктілік коэффициенттері (к1) – 19,3% (min 5,5%) (к2) – 21,8% (min 8%), бұл заңнамада белгіленген нормативтерден едәуір асады.

«Халық пен бизнестің депозиттерінің тұрақты өсуін атап өткен жөн. Олар 5 жыл ішінде 2 есе ұлғайды. Жыл басынан бастап ұлғаю 4,8%-ды құрайды, бұл банк жүйесіне деген сенімнің жоғары деңгейін растап отыр», - деп атап өтті Олжас Қизатов.

Бұдан басқа, портфель сапасының көрсеткіштері айтарлықтай жақсарды. Жұмыс істемейтін кредиттер коэффициенті тарихи тұрғыдан ең төмен мәнге жетіп, 2022 жылдың басынан бері 3,3% деңгейінде сақталып отыр. Бұл көлемнің 73,1%-ы провизиялармен,  қарыздардың қалған бөлігі тұрақты кепіл түрлерімен өтелді.

Тұрақты объективті қадағалап бағалауды қамтамасыз ету үшін биыл Агенттік банктердің қаржылық орнықтылығын және корпоративтік басқару жүйесінің сапасын бағалайтын SREP қадағалау әдіснамасы бойынша банктерге толық ауқымды бағалау жүргізуді жалғастырды.   Модель 4 негізгі бағыт бойынша 33 сандық және 122 сапалық көрсеткішті есептеуге негізделген: 1) бизнес моделін бағалау; 2) капитал тәуекелдері; 3) өтімділік тәуекелі; 4) корпоративтік басқару жүйесі.

«Тұтастай алғанда, 2023 жылғы SREP-тің алдын ала нәтижелері банк секторының қаржылық орнықтылығын және капитал мен өтімділіктің айтарлықтай қорының бар екендігін растайды», - деді қаржы реттеушісінің өкілі.

Тәуекелге бағдарланған қадағалаудың келесі элементі активтер сапасын тұрақты бағалау (AQR) болып табылады. Тұрақты AQR банк секторының жалпы тұрақтылығын растады. Нәтижесі ретінде капитал жеткіліктілігінің  жалпы деңгейін бағалау қорытындысы 16,7%-дан 15,1%-ға дейін төмендетілді, бұл ең төменгі реттеушілік талаптан едәуір жоғары.  

2023 жылғы тұрақты AQR аясы 11 банкке дейін кеңейтілді, олардың активтері биыл жылдың басындағы жағдай бойынша банк секторы  активтерінің  84%-ын құрады. 

2023 жылғы тамыздан бері Агенттік AQR аясына сәйкес банктер бойынша жыл сайынғы қадағалап стресс-тестілеуге кірісті. Базалық және стрестік сценарийлер әзірленіп, бекітілді. Сондай-ақ Агенттік 2023 жылғы ҚСТ-ға дайындық шеңберінде оқыту сессиялары мен конференция өткізді.

ҚСТ шеңберінде банктер үшін бірыңғай сценарий әзірленіп жатқанын еске саламыз. Агенттік Ұлттық Банкпен бірлесе отырып, базалық және стрестік сценарийлер әзірлеуде, олар 59 макроэкономикалық көрсеткіштегі болжамдық өзгерістерді тоқсан бойынша 3 жыл аралықта ескереді.

«Банктердің ішкі модельдері мен процестерін жақсарту бойынша ұсынымдар бере отырып, ҚСТ-ның қорытынды нәтижелері 2024 жылғы қаңтарда күтілуде», - деп қорытындылады Олжас Қизатов.

 

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

+7 (727) 237 1089, press@finreg.kz