
16 қарашада Алматы қаласында KASE Қазақстан қор биржасының 30 жылдығына арналған Халықаралық Биржалық Форум өтті. Форумның негізгі тақырыбы қаржы нарықтарын трансформациялаудағы биржалардың рөлін арттыру болды. Іс-шараға Дүниежүзілік Қор Биржалары Федерациясының (WFE), Еуропалық Қайта Құру және Даму Банкінің (EBRD) өкілдері, сондай-ақ Түркия, Сауд Арабиясы, Корея, Греция, Польша, Румыния, Ұлыбритания, Ресей, Өзбекстан және Қазақстан қор нарығының реттеушілері мен қатысушылары қатысты.
Форумда халықаралық және қазақстандық сарапшылар биржалық нарықтарды дамытудың, жария орналастыру және IPO үрдістерінің, қаржылық қызметтерді диджитализациялаудың, қаржы нарығында ESG қағидаттары мен өнімдерін дамыту мен ілгерілетудің өзекті тақырыптарын талқылады.
ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова құттықтау сөз сөйледі. Ол Қазақстан қор биржасын 30 жылдығымен құттықтап, KASE-тің Қазақстан Республикасының қаржы секторының орнықты дамуын қамтамасыз етуге қосқан елеулі үлесін атап өтті және корпоративтік секторды қорландырудың тиімді арнасы ретінде Агенттіктің қор нарығын дамыту жұмысының негізгі бағыттары туралы айтты.
«Агенттік нарықтың ішкі өтімділік көрсеткіштерін жақсарту және оның инфрақұрылымын дамыту бойынша жұмысты жалғастыруда. Агенттіктің күш-жігері 5 негізгі бағытқа шоғырланған: инвесторлық базаны нығайту (buy-side), сапалы қаржы құралдарының желісін кеңейту(sell-side), индустрияны цифрландыру және орнықты қаржыландыру қағидаттарын (ESG) енгізу», - деп хабарлады қаржы реттеушісінің басшысы.
«IPO және бөлшек инвесторлардың капитал нарығын дамытудағы әлеуеті» пленарлық талқылау барысында Агенттік Төрағасының орынбасары Мария Хаджиева капиталдың жария нарығына шығу ШОБ-ты дамыту үшін маңызды қадам болуы мүмкін екенін атап өтті. Бұл компанияларға қаржыландырудың жаңа көздеріне қол жеткізуге мүмкіндік береді, оның танымалдығы мен инвесторлар үшін тартымдылығын арттырады.
«Қор нарығының әлеуетін арттыру үшін қаржы нарығында баға белгілеудің теңгерімді саясатын қамтамасыз ету, сондай-ақ үлестік және борыштық құралдарға ұзақ мерзімді сұранысты қамтамасыз ету үшін бөлшек және институционалдық инвесторлар базасын кеңейту маңызды», - деп атап өтті Мария Хаджиева.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы
+7 (727) 237 1089, press@finreg.kz