Қаржы нарығында ESG қағидаттарын енгізу

Қаржы нарығында ESG қағидаттарын енгізу

 

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (бұдан әрі – Агенттік) қаржы нарығын реттеуге ESG қағидаттарын енгізу жөніндегі жұмысқа бастамашы болды.

Реттеу қаржы ресурстарын орнықты жобалардың пайдасына қайта бөлу үшін қаржы ұйымдарын орнықты дамуға ынталандыруға бағытталатын болады. Бұл Қазақстан Республикасының инвестициялық тартымдылығын арттыруға оң әсер етеді және компаниялардың әлеуметтік және экологиялық жауапкершілігінің өсуіне ықпал етеді.

Агенттік іске асырып жатқан Қазақстанның қаржы нарығын реттеуге ESG қағидаттарын енгізу жөніндегі кезең-кезеңімен жүргізілетін саясаттың негізгі басымдықтары ағымдағы жылғы наурызда қабылданған тиісті Жол картасына енгізілді.

Орнықты даму қағидаттарын тәуекелдерді басқарудың ішкі жүйелеріне және қаржы ұйымдарын корпоративтік басқару жүйесіне қойылатын талаптарды әзірлеу және белгілеу, сондай-ақ ESG-тәуекелдерді басқарудағы ұсынымдар мен талаптардың сақталуына мониторинг жүргізу арқылы енгізу жоспарланып отыр.

Аталған мақсаттар үшін ағымдағы жылы Агенттік IFC-пен бірлесіп банктер мен басқа да қаржы ұйымдары үшін ESG-ақпаратты жария ету жөніндегі нұсқаулықты әзірлеп, бекітті, жылдың соңына дейін Қаржы ұйымдарындағы экологиялық және әлеуметтік тәуекелдерді басқару жөніндегі нұсқаулық (ESRM) пен Қаржы ұйымдары үшін парниктік газдар шығарындыларын есептеу және банктердің кредиттік портфельдерінің көміртегі ізін бағалау жөніндегі нұсқаулық әзірленетін болады.

Бұдан басқа, 2024 жылы  Агенттіктің қадағалау практикасына банктер үшін климаттық тәуекелдерге стресс-тестілеу жүргізу рәсімдері енгізіледі. Климаттық тәуекелдерге талдау жүргізу кезінде климаттың өзгеруіне байланысты Қазақстанның экономикасы мен қаржылық тұрақтылығына ықтимал тәуекелдерді бағалау жүргізіледі.

Қаржы нарығында орнықты даму қағидаттарын іске асыруда оның қатысушыларының ESG-стандарттар туралы хабардарлығын арттырудың маңызы зор. Қаржы нарығының сараптамалық әлеуетін арттыру мақсатында Агенттік халықаралық қаржы ұйымдарымен және «үлкен төрттік» компанияларымен бірлесіп қазіргі уақытта орнықты қаржыландыру саласында бірқатар оқыту семинарлары мен тренингтер өткізуде.

 Бұл шаралар климаттың өзгеруімен күресте және Қазақстан экономикасын орнықты қаржыландыруды қамтамасыз етуде қаржы секторының рөлін арттыруға мүмкіндік береді.