
2023 жылғы 13-14 қарашада Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (бұдан әрі – Агенттік) делегациясы Төраға Мәдина Әбілқасымованың басшылығымен Қазақстан бойынша Халықаралық Валюта Қоры (бұдан әрі – ХВҚ) миссиясының басшысы Николя Бланшэ бастаған ХВҚ миссиясының мүшелерімен кездесті.
2023 жылғы 8 – 21 қараша аралығында Қазақстанда өтіп жатқан ХВҚ миссиясының мақсаты ХВҚ Жарғысының IV бабы бойынша консультациялар өткізу болып табылады. Осы баптың шеңберінде экономикалық, қаржылық және валюталық саясатқа қатысушы елдер жүргізетін мониторинг, негізгі тәуекелдерді және олардың экономикалық өсуге әсерін бағалау жүзеге асырылады, сондай-ақ оларды барынша азайту үшін ұсынымдар беріледі.
Кездесу барысында ХВҚ мен Агенттік өкілдері Қазақстандағы қаржы нарығын дамытуға, қадағалау мен реттеуге қатысты көптеген мәселелерді талқылады. Банктік және банктік емес секторлардағы соңғы өзгерістерге, оның ішінде рентабельділік, активтердің сапасы, резервтер, банктер капиталының жеткіліктілігі мен өтімділігі, сондай-ақ қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін осыған байланысты тәуекелдерді бағалау аспектілеріне ерекше назар аударылды.
Сонымен бірге күн тәртібінде Қазақстан Республикасының қаржы секторын бағалау бағдарламасын (ФСАП) бағалау қорытындылары бойынша, әсіресе қаржылық қауіпсіздік жүйелеріне қатысты қызметтің басым бағыттарына байланысты мәселелер болды. Сонымен қатар, қаржы институттарының тиімді және орнықты жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталған қаржы ұйымдарын шоғырландырылған қадағалау аспектілері талқыланды.
Кездесулер қорытындысы бойынша Халықаралық Валюта Қорынан техникалық көмектің жаңа басым бағыттары айқындалды, олар Қазақстандағы қаржылық тұрақтылықты нығайту және қаржы нарығын дамыту жөніндегі күш-жігерді қолдауға бағытталатын болады.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы
+7 (727) 237 1089, press@finreg.kz