Микроқаржы ұйымдарының қызметтерін қашықтан көрсету бағдарламалық қамтамасыз етуінің қауіпсіздігіне қойылатын талаптарды күшейту туралы

Микроқаржы ұйымдарының қызметтерін қашықтан көрсету бағдарламалық қамтамасыз етуінің қауіпсіздігіне қойылатын талаптарды күшейту туралы

2023 жылғы 30 қазанда Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының №81 қаулысымен «Электрондық тәсілмен микрокредиттер беру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 28 қарашадағы № 217 қаулысына толықтыру енгізілді.

Толықтыруда микроқаржы ұйымдарының қызметтерін қашықтан көрсету бағдарламалық қамтамасыз етуінің қауіпсіздігіне қойылатын талаптарды күшейту көзделген.

Клиентті мобильді қосымшада тіркеу рәсімін жеңілдету мақсатында клиенттерді тіркеу үшін қажетті деректемелердің саны азайтылды.

Сонымен қатар, алаяқтық тәуекелдерін азайту мақсатында клиентті бірдейлендіру әдістерін күшейту жүргізілді және мобильді қосымшаны қорғау шараларына қосымша талаптар енгізілді. Мәселен, электрондық тәсілмен микрокредиттер беру кезінде пайдаланылатын бағдарламалық қамтамасыз етудің қауіпсіздігіне қойылатын талаптар белгіленген. Олардың ішінде:

- бағдарламалық қамтамасыз ету кодтарын әзірлеу, пысықтау және сақтау қауіпсіздігін қамтамасыз ету;

- бірқатар маңызды операцияларды жүзеге асыру кезінде Сәйкестендіру деректерімен алмасу орталығы арқылы клиенттің биометриялық сәйкестендіруін пайдалану;

- мобильді құрылғыда қашықтан басқару бағдарламаларын пайдалану кезінде немесе қауіпсіздік функциялары бұзылған кезде қосымшаның жұмысын шектеу (Jailbreak, root access);

- қосымшада ақшалай қаражатпен операцияларды жүзеге асыру барысында геолокациялық деректерді жазу.

Басқарма қаулысының толық мәтінімен Агенттіктің интернет-порталында және Әділет ақпараттық-құқықтық жүйесінде танысуға болады.