
Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (бұдан әрі – Агенттік) қаржы ұйымдарының кредиттік тәуекелдерді бағалау жөніндегі мүмкіндіктерін кеңейту үшін пруденциялық реттеуде шетелдік рейтингтік агенттіктерді тану бөлігінде бірқатар нормативтік өзгерістер енгізілді.
Қазіргі уақытта халықаралық стандарттарға сәйкес қаржы ұйымдарын реттеуде 3 халықаралық рейтингтік агенттіктің (Standard & Poor's, Moody's және Fitch) рейтингтері пайдаланылуда. Оған қоса Агенттік Басқармасы 2023 жылғы шілдеде №67 қаулы қабылдады. Онда басқа (шетелдік) рейтингтік агенттіктерді тану өлшемшарттары белгіленген. Шетелдік рейтингтік агенттікті тану 18 өлшемшарт, оның ішінде ең төмен капиталдың болуы, халықаралық стандарттарға сәйкес келетін рейтингтеу әдіснамасы мен модельдерін, корпоративтік басқару жүйелерін енгізу, ақпаратты қорғауды және конфиденциалдылықты қамтамасыз ету бойынша жүргізіледі. Бұдан басқа, шетелдік агенттіктің рейтингтерін оның шетелдік реттеушісінің тануы, мүдделер қақтығысын болдырмау жөніндегі талаптардың сақталуы, агенттік қызметкерлерінің біліктілік талаптарына сәйкес келуі тексеріледі.
Бүгінгі күні Ресей Талдамалық кредиттік рейтингтік агенттігі (бұдан әрі – ТКРА) белгіленген өлшемшарттарға сәйкестігін растады. Жүргізілген бағалау қорытындысы бойынша Агенттік ТКРА-ның рейтингтерін пруденциялық нормативтер мен лимиттерді сақтау мақсатында қаржы ұйымдарының қолдануы үшін таныды.
№67 қаулыға сәйкес Агенттік рейтингтік агенттіктердің халықаралық рейтингтік шкалаларының салыстырмалылығы туралы мәліметтерді жариялайды.

Агенттіктің Сыртқы коммуникациялар басқармасы:
+7 (727) 237-10-89, e-mail: press@finreg.kz