Қазақстан банк секторының 2023 жылғы 1 қазандағы жай-күйі туралы

Қазақстан банк секторының 2023 жылғы 1 қазандағы жай-күйі туралы

2023 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының банк секторында 21 екінші деңгейдегі банк бар, оның 11-сі шетелдің қатысуымен, оның ішінде 8-і еншілес банктер.

2023 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша банк секторының активтері ағымдағы жылғы қыркүйекте негізінен несие портфелінің 3,2%-ға өсуі нәтижесінде 2,5%-ға немесе 1,2 трлн теңгеге ұлғайып, 47,9 трлн теңгені құрады (2023 жылдың басынан бері 7,4%-ға немесе 3,3 трлн теңгеге өсу).

Өтімділігі жоғары активтер 14,2 трлн теңгені немесе активтердің 29,6%-ын құрады, бұл банктерге клиенттер алдындағы өз міндеттемелеріне толық көлемде қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.

2023 жылғы қыркүйекте екінші деңгейдегі банктер экономикаға берген кредиттер 1,8%-ға 25,9 трлн теңгеге дейін өсті (2023 жылдың басынан бері 13,5%-ға өсу), оның ішінде ұлттық валютадағы кредиттер 1,9%-ға 24,1 трлн теңгеге дейін, шетел валютасындағы кредиттер 0,2%-ға 1,8 трлн теңгеге дейін ұлғайды.

Заңды тұлғаларға берілген кредиттер 2023 жылғы қыркүйекте 1,5%-ға 8,9 трлн теңгеге дейін ұлғайды (2023 жылдың басынан бері 2,5%-ға өсті).

Бизнес субъектілеріне берілген жиынтық кредиттер 2023 жылғы қыркүйекте 1,7%-ға 10,3 трлн теңгеге дейін өсті (2023 жылдың басынан бері 6,6%-ға өсу). Бұл ретте бизнеске кредиттердің өсуіне негізгі үлес дара кәсіпкерлерге кредиттермен қамтамасыз етілген, олар 2023 жылғы 9 айда 42,4%-ға 1,4 трлн теңгеге дейін ұлғайтылды.

 ШОБ субъектілеріне қарыздар 2,5%-ға 6,7 трлн теңгеге дейін өсті (2023 жылдың басынан бері 11,7%-ға өсу), ірі бизнеске берілген қарыздар 0,2%-ға 3,5 трлн теңгеге дейін өсті (2023 жылдың басынан бері 2,0%-ға азаю).

Ағымдағы жылдың басынан бері ірі бизнеске кредиттердің төмендеуі қолайсыз макроэкономикалық жағдайлар аясында капиталды қажетсінетін және ұзақ мерзімді жобаларды тоқтата тұру себебінен қарыз қаражатына сұраныстың азаюымен байланысты.

Бұдан басқа, ағымдағы жылы бизнеске кредит берудің өсуіне кредиттер бойынша сақталып отырған жоғары пайыздық мөлшерлемелер (2023 жылғы қыркүйекте 20,3%), сондай-ақ қолданыстағы қарыздар бойынша жоспарлы өтеу көлемінің 2022 жылғы 9 аймен (8,7 трлн теңге) салыстырғанда 25,1%-ға 10,8 трлн теңгеге дейін өсуі тежеуші әсер етуді жалғастыруда. Бұл 2022 жылы инфляцияның өсуі аясында жаңа қарыздардың негізгі көлемі (шамамен 80%) 1 жылдан аз мерзімге берілгендігіне және тиісінше оларды өтеу ағымдағы жылы жүргізілетіндігіне байланысты.

Бұдан басқа, ағымдағы жылы корпоративтік секторға кредит берудің өсуінің баяулауына жаңа кредиттердің жалпы көлемінде мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде субсидияланған қарыздар үлесінің 6,8%-дан 5,9%-ға дейін азаюы әсер етті. Бұл 2023 жылғы маусымнан бастап осы мақсаттарға бөлінген бюджет қаражатының толық игерілуіне байланысты бизнестің пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялауға өтінімдерін мақұлдауды тоқтата тұрудан туындады.

Жеке тұлғаларға берілген кредиттер тұтынушылық қарыздардың 2,0%-ға 9,4 трлн теңгеге дейін өсуі есебінен 2023 жылғы қыркүйекте 2,0%-ға ұлғайып, 17,0 трлн теңгені құрады (2023 жылдың басынан 20,2%-ға өсу).

Кредиттік портфельдің сапасы тұрақты болып қалуда. 2023 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша банк секторында мерзімі өткен берешегі 90 күннен асқан қарыздар (NPL 90+) деңгейі несие портфелінің 3,3%-ын немесе 906 млрд теңгені құрады (2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша – 3,4% немесе 815 млрд теңге).

ШОБ-ты есепке алғанда заңды тұлғалар портфелінде NPL90+ деңгейі 2,9%-ды немесе 333 млрд теңгені, жеке тұлғалар портфелінде 3,7%-ды немесе 572 млрд теңгені құрады. Жұмыс істемейтін қарыздарды провизиялармен өтеу жоғары деңгейде сақталып, 73,7%-ды құрайды (2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша – 76,9%).

Ағымдағы жылғы қыркүйекте банктердің меншікті капиталы 1,9%-ға 6,2 трлн теңгеге дейін ұлғайды (2023 жылдың басынан бері 19,4%-ға өсті). 2023 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша негізгі капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к1) 18,8%-ды, меншікті капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к2) – 21,4%-ды құрады, бұл заңнамада белгіленген нормативтерден едәуір асып түседі және банк секторындағы әлеуетті тәуекелдерді өтеуді қамтамасыз етеді.

2023 жылғы қыркүйекте банк секторының міндеттемелері 2,6%-ға 41,6 трлн теңгеге дейін ұлғайды (2023 жылдың басынан бері 5,9%-ға немесе 2,3 трлн теңгеге өсті).

Резиденттердің депозиттік ұйымдардағы депозиттері 2023 жылғы қыркүйекте жеке тұлғалар депозиттерінің 2,4%-ға 17,0 трлн теңгеге теңгеге дейін өсуі нәтижесінде 1,5%-ға 31,4 трлн дейін ұлғайды. Заңды тұлғалардың депозиттері бір айда 0,3%-ға 14,4 трлн теңгеге дейін өсті.

Ұлттық валютадағы депозиттер 2023 жылғы қыркүйекте 1,6%-ға 23,6 трлн теңгеге дейін, шетел валютасындағы депозиттер 1,1%-ға 7,9 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Нәтижесінде долларлану деңгейі 2023 жылғы 1 қазанда 25,0%-ды құрады (2023 жылдың басында – 31,6%).

Банктік емес заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы мерзімді депозиттері бойынша сыйақының орташа алынған мөлшерлемесі 2023 жылғы қыркүйекте 14,6%-ды (2023 жылғы тамызда – 14,6%), жеке тұлғалардың депозиттері бойынша 14,0%-ды (2023 жылғы тамызда – 13,9%) құрады.

  

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

+7 (727) 237 1089, press@finreg.kz