
Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі және «Астана» халықаралық қаржы орталығының Қаржылық қызметтерді реттеу жөніндегі комитеті өздерінің функцияларын тиімді орындау және еліміздің қаржы нарығының сенімділігі мен тұрақтылығын нығайту мақсатында Ақпарат, оның ішінде конфиденциалды ақпарат алмасу туралы келісім (бұдан әрі – Келісім) жасасты.
Келісім Банктік қадағалау жөніндегі Базель комитетінің, Сақтандыруды қадағалау органдары халықаралық қауымдастығының, Бағалы қағаздар жөніндегі комиссиялар халықаралық ұйымының ұсынымдары ескеріле отырып әзірленді және Келісім тараптарының қадағалау аясындағы ұйымдардың қызметіне, олардың ағымдағы қаржылық жай-күйіне қатысты ақпарат алмасуы үшін негіз болып табылады. Сонымен бірге бұл құжат қадағалау аясындағы ұйымдардың қаржы нарығындағы жосықсыз әрекеті және олардың заңнаманы бұзуы туралы мәліметтер алмасу тәртібін регламенттейді.
Келісімді іске асыру реттеуші органдардың өзара іс-қимылын жандандыруға мүмкіндік береді, бақылау мен қадағалаудың тиімділігін арттыруға, қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүддесін қорғау шараларын күшейтуге және, соның нәтижесінде, Қазақстан қаржы нарығының ашықтығы мен тұрақтылығын арттыруға жәрдемдесетін болады.
Анықтамалық ақпарат:
Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың тиісті деңгейін қамтамасыз ететін, қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге және қаржы нарығын дамытуға жәрдемдесетін, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын, сондай-ақ құзыреті шегінде өзге де тұлғаларды мемлекеттік реттеуді, бақылауды және қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган болып табылады.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мемлекеттің ақша-кредит саясатын әзірлеуді және жүргізуді, төлем жүйелерінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін, қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге жәрдемдесетін, валюталық реттеу мен валюталық бақылауды, статистикалық қызметті жүзеге асыратын, сондай-ақ өз құзыреті шегінде қаржы нарығын, қаржы ұйымдарын және Қазақстан Республикасының қаржы заңнамасы саласында өзге де тұлғаларды мемлекеттік реттеуді, бақылау мен қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган болып табылады.
«Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО, AIFC) Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған. АХҚО құру туралы Конституциялық заңға 2015 жылғы 7 желтоқсанда қол қойылды. АХҚО мақсаты – халықаралық деңгейдегі қаржылық көрсетілетін қызметтердің жетекші орталығын қалыптастыру. АХҚО-ның міндеттері ел экономикасына инвестициялар тартуға жәрдемдесу, қаржылық қызмет көрсету саласында инвестициялау үшін тартымды орта құру, Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығын дамыту және оның халықаралық капитал нарықтарымен интеграциялануын қамтамасыз ету болып табылады.
АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу жөніндегі комитеті (AFSA) «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес «Астана» халықаралық қаржы орталығында қаржылық көрсетілетін қызметтерді және олармен байланысты қызметті реттеу мақсатында құрылған АХҚО-ның тәуелсіз реттеушісі болып табылады. АХҚО ережелері мен қағидалары қаржы компаниялары мен нарықтық мекемелерді лицензиялау, тіркеу, аккредиттеу және қадағалау мәселелерін көздейді.
Банктік қадағалау жөніндегі Базель комитеті (BCBS) — Халықаралық есеп айырысу банкінің жанында жұмыс істейтін, озық елдерде пайдаланылатын банк қызметін реттеудің бірыңғай стандарттары мен әдістемелерін әзірлеуші ұйым.
Сақтандыруды қадағалау органдарының халықаралық қауымдастығы (IAIS) – мақсаты тиімді сақтандыру нарығын құру және қаржылық тұрақтылыққа жәрдемдесу болып табылатын әлемнің барлық елдерінің сақтандыру қызметін қадағалау және реттеу жөніндегі ұлттық органдарды біріктіруші ұйым.
www.iaisweb.org
Бағалы қағаздар жөніндегі комиссиялардың халықаралық ұйымы (IOSCO) – ұлттық қор нарықтарын реттеу стандарттарын әзірлеу және ақпаратпен, оның ішінде реттеуші – IOSCO мүшелері арасында қадағалау жөніндегі ақпаратпен алмасу мақсатында бағалы қағаздар нарықтарын реттеу және қадағалау жөніндегі ұлттық органдарды біріктіруші ұйым.
Толығырақ ақпаратты мына телефон арқылы алуға болады:
+7 (727) 2788 121
e-mail: Fingramota@finreg.kz