Банк секторына басшы қызметкерлер лауазымына үміткер кандидаттарды тестілеу туралы

Банк секторына басшы қызметкерлер  лауазымына үміткер кандидаттарды тестілеу туралы

Банктің, банк холдингінің, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банкі филиалының басшы қызметкерін тағайындауға (сайлауға) келісім беру қағидаларына[1] сәйкес басшы қызметкерлер лауазымына үміткер кандидаттар осы Қағидаларда белгіленген жағдайларда Комиссияның[2] шешімі бойынша Қазақстан Республикасының банк қызметін реттеу саласындағы заңнамасын білуге тестілеуден өту үшін шақырылуға тиіс.

Кандидаттарды тестілеу 30 сұрақ бойынша 45 минут ішінде қазақ немесе орыс, немесе ағылшын тілдерінде компьютерлік тестілеу әдісімен жүргізіледі.

Кандидаттарды тестілеу кезінде Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (бұдан әрі – Агенттік) үй-жайында тестілеу процесінің аудио және бейнетіркеуі жүргізіледі, тестілеуден өтетін адаммен бір үй-жайда Агенттік қызметкерлерінің ғана болуына рұқсат етіледі.

Тестілеуден өту кезінде кандидат қандай да бір жазбаша, электрондық немесе басқа да ақпараттық материалдарды, сондай-ақ өзге де техникалық құрылғыларды пайдаланбайды.

Кандидат тестілеу нәтижелерімен тестілеуден өткеннен кейін дереу, қолын қойып танысуға тиіс. Тестілеу қашықтан өту режимінде өткен жағдайда, танысуды Агенттік қызметкері тестілеу өткеннен кейін дереу ауызша нысанда тіркейді.

Тестілеудің оң нәтижесін (дұрыс жауаптардың кемінде 70%-ы) алған кезде кандидат келісілген болып есептеледі.

Банктер туралы заңның[3] 20-бабы 8-тармағының 2) тармақшасына сәйкес Агенттік тестілеудің теріс нәтижесі салдарынан банктің басшы қызметкерін тағайындауға (сайлауға) келісім беруден бас тартады.

Мыналар тестілеудің теріс нәтижелері болып табылады:

кандидатты тестілеу нәтижесі дұрыс жауаптардың 70%-нан аз болуы;

кандидаттың уәкілетті орган айқындаған тестілеу тәртібін бұзуы;

келісілген мерзім өткенге дейін кандидаттың уәкілетті орган белгілеген уақытта тестілеуге келмеуі.

Кандидаттар шамамен алынған тест сұрақтарымен Агенттіктің сайтында «Қаржы нарықтары» бөлімінің «Банк секторы» кіші бөлімінде таныса алады.

Агенттіктің және (немесе) оның лауазымды адамдарының мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері жөніндегі шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдану ӘРПК-де[4] көзделген тәртіппен жүргізіледі.

 

Агенттіктің Сыртқы коммуникациялар басқармасы:

+7 (727) 2371089, press@finreg.kz

 

[1] Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2022 жылғы 28 қазандағы
№ 81 қаулысымен бекітілген Мінсіз іскерлік беделінің болмауы өлшемшарттарын, келісім алу үшін қажетті құжаттарды қоса алғанда, банктің, банк холдингінің, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банкі филиалының басшы қызметкерін тағайындауға (сайлауға) келісім беру қағидалары, Халықаралық сертификаттармен расталған кәсіби біліктілікке ие кандидаттар үшін еңбек өтілінің болуы жөніндегі ерекшеліктер және осындай сертификаттардың тізбесі;

[2] Қаржы ұйымдарының, банк, сақтандыру холдингтерінің, «Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры» акционерлік қоғамының басшы қызметкерлері лауазымдарына кандидаттардың сәйкестігін айқындау жөніндегі комиссия;

[3] «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы;

[4] Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі.