Қазақстанның бағалы қағаздар нарығының 2023 жылғы 1 тамыздағы жай-күйі туралы

Қазақстанның бағалы қағаздар нарығының 2023 жылғы 1 тамыздағы жай-күйі туралы

2023 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша қор нарығын капиталдандыру 2023 жылғы шілде айында 1,0 трлн теңгеге немесе 2,8%-ға ұлғайып, 37,0 трлн теңгені құрады (2023 жылдың басынан бастап – 3,8%-ға өсу).

Акциялар нарығын капиталдандыру, негізінен, индекстік компаниялар акциялары бағаларының өсуі есебінен 4,7%-ға немесе 1,1 трлн теңгеге 23,9 трлн теңгеге дейін ұлғайды (2023 жылдың басынан бастап – 13,1%-ға өсу).

KASE индексі 2023 жылғы шілдеде 3 707,7 тармаққа дейін 2,9%-ға өсті (2023 жылдың басынан бастап – 14,0%-ға өсу). 2023 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша «Қазақстан қор биржасы» АҚ (бұдан әрі – KASE) сауда тізімдерінде 86 эмитенттің 100 түрлі акциясы болды. Ағымдағы жылғы шілдеде акциялармен сауда-саттық көлемі негізінен  «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ, «Матен Петролеум» АҚ және «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ акцияларымен сауда-саттық көлемінің өсуі есебінен бір айда 72,6%-ға немесе 6,9 млрд теңгеге ұлғайып, 16,5 млрд теңгені құрады.

Корпоративтік облигациялар нарығы 2023 жылғы  шілдеде 0,6%-ға немесе 72,5 млрд теңгеге 13,0 трлн теңгеге дейін төмендеді (2023 жылдың басынан бастап – 9,7%-ға төмендеу).

Ағымдағы жылғы шілде айында корпоративтік облигациялардың бастапқы нарығының көлемі 37,8 млрд теңгені құрады, бұл 2023 жылдың алдыңғы айымен салыстырғанда 73,5%-ға немесе 105,1 млрд теңгеге аз.

2023 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша KASE сауда-саттық тізімдерінде 89 эмитенттің корпоративтік облигацияларының 368 шығарылымы болды.

2023 жылғы шілдеде KASE-де корпоративтік облигациялармен сауда-саттық көлемі 51,7%-ға немесе 98,1 млрд теңгеге 91,8 млрд теңгеге дейін  төмендеді.

«KASE Global» секторында 44 түрлі акция және 14 шетелдік эмитенттің ETF акциялары болды. «KASE Global» секторындағы сауда-саттық көлемі бір ай ішінде 8,5 есе немесе 9,3 млрд теңгеге ұлғайып, 2023 жылғы шілдеде  10,5 млрд теңгені құрады.

KASE-де саудаланатын мемлекеттік борыш 2023 жылғы шілдеде 2,1%-ға немесе 529,8 млрд теңгеге 25,4  трлн теңгеге дейін өсті.

2023 жылғы шілденің қорытындысы бойынша KASE-де мемлекеттік бағалы қағаздармен сауда-саттықтың жиынтық көлемі
бір айда 39,4%-ға немесе 639,7 млрд теңгеге азайып, 985,2 млрд теңгені құрады. Мемлекеттік бағалы қағаздардың бастапқы нарығындағы сауда-саттық көлемі 49,2%-ға немесе 620,9 млрд теңгеге 641,6 млрд теңгеге дейін азайды.

2023 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша ұжымдық инвестициялар нарығында 48 инвестициялық пай қоры жұмыс істеді, оның ішінде 24 аралық, 23 жабық және 1 ашық пай қоры.

Ұжымдық инвестициялар нарығында басқарудағы активтер негізінен ҚР эмитенттерінің (3,6 млрд теңгеге немесе 1,9%-ға) және шетелдік эмитенттердің (2,2 млрд теңгеге немесе 6,0%-ға) мемлекеттік емес бағалы қағаздар портфелінің азаюы есебінен ағымдағы жылғы шілдеде 4,8 млрд теңгеге немесе 1,7%-ға азайып, 2023 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша 281,6 млрд теңгені құрады.

2023 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша 245,4 млрд теңгені немесе инвестициялық пай қорларының жиынтық активтерінің 87,2%-ын бағалы қағаздар портфелі құрады.

Бағалы қағаздар нарығының институционалдық құрылымында 2023 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша 39 брокер мен дилер (16 банк және 23 банктік емес ұйым), 10 кастодиан банк, 21 инвестициялық портфельді басқарушы, 3 трансфер-агент, сондай-ақ 3 инфрақұрылымдық ұйым: KASE, KASE клирингтік орталығы және бірыңғай тіркеуші және сауда репозиторийі функцияларын орындайтын Бағалы қағаздардың орталық депозитарийі жұмыс істейді.

Ағымдағы жылғы шілдеде инвесторлар санының өсуі жалғасты. Депоненттер клиенттерінің қосалқы шоттарының саны 686 812 қосалқы шотқа дейін 1 318-ге немесе 0,2%-ға өсті (2023 жылдың басынан бері 24,8%-ға немесе 137 мың қосалқы шотқа өсу).

Бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушылардың активтері ағымдағы жылғы шілдеде 0,2%-ға ұлғайып (2023 жылдың басынан бері 33,2%-ға өсу), 2023 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша 771,5 млрд теңгені құрады. 2023 жылғы шілдеде міндеттемелер 7,9%-ға 317,2 млрд теңгеге дейін өсті (2023 жылдың басынан бері 82,9%-ға өсу). Меншікті капитал 4,5 %-ға 454,4 млрд теңгеге дейін азайды (2023 жылдың басынан бері 12,0%-ға өсу).

 

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

+7 (727) 237 1089, press@finreg.kz