
БАҚ-та Freedom Holding Corp. қызметі туралы ақпараттың таралуына байланысты, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (бұдан әрі – Агенттік) төмендегіні хабарлайды.
1. Freedom Holding Corp. «Фридом Финанс» АҚ-тың (бұдан әрі – Брокер) жалғыз акционері болып табылады, ол өз кезегінде «Банк Фридом Финанс» АҚ-қа (бұдан әрі – Банк), «Freedom Finance Life» ӨСК» АҚ-қа, «Freedom Finance Insurance» СК» АҚ-қа (бұдан әрі – Сақтандыру ұйымдары) иелік етеді және банк конгломераты және сақтандыру холдингі мәртебесіне ие.
2023 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Брокердің активтері 316,6 млрд теңгені, меншікті капиталы 132,9 млрд теңгені құрады. Меншікті капиталдың жеткіліктілік коэффициенті К1 = 9,03 (нормативі 1-ден кем емес). Мерзімді өтімділік коэффициенттері К2-1 = 1,3, К2-2 = 1,3,
К2-3 = 1,3 және К2-4 = 1,3 (нормативі тиісінше 1, 0.9, 0.8 және 0.5 кем емес).
Осылайша, Брокер барлық белгіленген пруденциялық нормативтерді орындайды және қаржылық тұрғыдан орнықты болып табылады.
Брокер бағалы қағаздар нарығының белсенді қатысушысы болып табылады, оның үлесіне барлық брокерлер активтерінің 41%-ы (1-орын), көлемнің 16%-ы және KASE-дегі мәмілелер санының 30%-ы тиесілі. Осыған байланысты Брокердің қызметі Агенттік тарапынан күшейтілген қадағалауда.
Бұл ретте, клиенттердің, оның ішінде бағалы қағаздар нарығындағы барлық брокерлердің бөлшек инвесторларының активтерінің сақталуы брокерлердің өз активтерін оның клиенттерінің активтерінен бөлек есепке алу, сондай-ақ активтерді кастодиан-банктерде және (немесе) «Бағалы қағаздардың орталық депозитарийі» АҚ-та (бұдан әрі – Орталық депозитарий) сақтау арқылы қамтамасыз етілетінін атап өткен жөн. Мәселен, ҚР Бағалы қағаздар нарығы туралы заңнамасының талаптарына сәйкес бағалы қағаздармен мәмілелер номиналды ұстауды есепке алу жүйесінде және бағалы қағаздарды ұстаушылар тізілімдерінің жүйесінде тіркелуге жатады. Орталық депозитарий депозитарлық қызметті және бағалы қағаздарды ұстаушылар тізілімдерінің жүйесін жүргізу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ҚР аумағындағы жалғыз ұйым болып табылады.
Осылайша, Брокер клиенттерінің активтерінің сақталуы да ҚР заңнамасының қолданыстағы талаптарымен қамтамасыз етіледі.
2. ҚР Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға, терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнамасына сәйкес қаржы ұйымдары, оның ішінде Брокер, Банк және Сақтандыру ұйымдары қаржы мониторингінің субъектілері болып табылады.
2022 жылы Агенттік Брокер мен Банкке қатысты Ресей Федерациясының резиденттеріне шоттар ашу және санкция талаптарын сақтау мәселесі бойынша инспекциялық тексерулер жүргізді. Агенттіктің тексеру нәтижелері бойынша Брокер мен Банктің санкциялық тізімге енгізілген тұлғаларға шоттар ашпағаны, сондай-ақ заңнама рәсімдері мен талаптарының сәйкестігі толық көлемде сақталғаны анықталды.
Бұдан басқа, АҚШ, ЕО және Ұлыбританияның санкцияларын айналып өту үшін ҚР қаржылық қызметтері мен қаржы жүйесін пайдалануға жол бермеу мақсатында комплаенс және тәуекелдерді басқару рәсімдеріне қойылатын талаптар күшейтілді, сондай-ақ трансшекаралық операцияларды неғұрлым мұқият тексеру арқылы қаржы ұйымдарында KYC (Know Your Customer) рәсімдері күшейтілді. Сонымен бірге, клиенттердің санкция салынған тауарларға төлем жасау бойынша операцияларын не қос мақсаттағы тауарларды анықтау мақсатында қаржы ұйымдары мынадай рәсімдерді жүзеге асырады:
- бейрезидент заңды тұлғалармен не құрылтайшылары/бенефициарлық меншік иелері бейрезиденттер болып табылатын заңды тұлғалармен іскерлік қатынастар орнату мүмкіндігін міндетті түрде келісу;
- санкциялық тізімдер бойынша онлайн режимінде операцияларға қатысушыларды талдау;
- келісімшартты банкте есепке қою кезінде белгіленген санкциялық шектеулер мен жеткізу аумақтарын ескере отырып, импортталатын/экспортталатын тауарлар мен қызметтер бөлігінде келісімшартты талдау.
Сондай-ақ, қаржы ұйымдарының осы уақыттағы клиенттерінің тізімдерінде санкция салынған тұлғалар анықталған кезде мұндай клиенттердің операциялары мен активтері бұғатталады, ал активтер болмайтын кезде мұндай клиенттермен іскерлік қатынастар тоқтатылады.
«Банк Фридом Финанс» АҚ-тың «Альфа-Банк» АҚ активтерін шығаруға қатысуына қатысты 2022 жылғы 6 сәуірде OFAC-тың қазақстандық «Альфа-Банк» АҚ ЕҰ қоса алғанда SDN санкциялық тізіміне ресейлік «Альфа-Банк» АҚ және оның барлық еншілес ұйымын қосу туралы шешім қабылдағанын хабарлаймыз. Қолданыстағы барлық мәмілелердің аяқталу мерзімі 2023 жылғы 6 мамырға дейін белгіленген. Мәселен, Агенттік қазақстандық Альфа-Банкті «Банк ЦентрКредит» АҚ (бұдан әрі – БЦК) пайдасына сатып алу-сату жөніндегі мәмілеге OFAC-тың рұқсатын алды және 2022 жылғы 6 мамырда Альфа-Банкті БЦК сатып алды. Осыған байланысты, қазақстандық Альфа-Банктен клиенттердің қаражатын басқа қазақстандық банктерге, оның ішінде «Банк Фридом Финанс» АҚ-қа аудару OFAC-тың рұқсаты шеңберінде жүзеге асырылды.
3. Агенттік ұйымдастырылған және ұйымдастырылмаған бағалы қағаздар нарығында жасалған мәмілелерді айла-шарғы жасау тұрғысынан талдауды және мониторингті тұрақты негізде жүзеге асырады. Күдікті мәмілелер анықталған жағдайда олар туралы ақпарат құрамына KASE, Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы, Ұлттық Банк пен Орталық депозитарийдің өкілдері кіретін Агенттік жанындағы Сараптама комитетінің қарауына шығарылады. Сараптама комитеті жұмысының қорытындысы бойынша 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында мемлекеттік бағалы қағаздармен және «Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ-тың облигацияларымен жекелеген мәмілелер айла-шарғы жасау мақсатында жасалған деп танылды, оның ішінде тізбеге Фридом Финанс тобының мәмілелері енгізілді.
Аталған бұзушылықтар үшін Агенттік тиісті тұлғаларға қатысты әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы хаттамалар жасап, айыппұлдар салды.
4. Freedom Securities Trading Inc. компаниясына (бұрынғы FFIN Brokerage Services Inc) қатысты бұл компания Белиз мемлекетінің аумағында тіркелгенін, Freedom Holding Corp. тобына кірмейтінін және Агенттіктің лицензиаты болып табылмайтынын хабарлаймыз. Freеdom Securities Trading Inc. компаниясының реттеушісі International Financial Services Commission of Belize (Белиз халықаралық қаржылық қызметтер жөніндегі комиссиясы) болып табылады.
Hindenburg Research зерттеуінде көрсетілген барлық мәселелерді Агенттік қосымша қарайды және қажет болған кезде Агенттіктің құзыреті шеңберінде тиісті шаралар қабылданатын болады.
Агенттіктің Сыртқы коммуникациялар басқармасы
+7 (727) 237 1089, press@finreg.kz