
2007 жылы Қазақстанда сақтандыру омбудсманы институты құрылды. Сақтандыру омбудсманы – өз қызметінде сақтандыру ұйымдары мен олардың клиенттері арасындағы жасалған сақтандыру шарттары бойынша дауларды сотқа дейінгі шешуді жүзеге асыратын тәуелсіз тұлға.
Көбінесе сақтандыру омбудсманына сақтандыру төлемінің мөлшеріне және көлік құралына келтірілген зиянның мөлшерін бағалауға байланысты міндетті автосақтандыру шеңберіндегі даулар бойынша жүгінеді.
Алайда, сақтандыру омбудсманы жеке тұлғалар немесе шағын кәсіпкерлік субъектілері сақтанушылар (сақтандырылған адамдар, пайда алушылар) ретінде әрекет ететін сақтандырудың барлық түрлері бойынша келіспеушіліктерді реттеуді жүзеге асырады. Басқа заңды тұлғалар сақтандыру омбудсманына міндетті автосақтандыру шеңберінде ғана жүгіне алады.
Адамдардың келіспеушіліктері бойынша талаптардың сомасы 2023 жылғы жағдай бойынша 10 000 АЕК-тен немесе 34,5 млн теңгеден аспауға тиіс.
Сақтандыру омбудсманына тікелей жүгінуге болады, мысалы, өтінішті оның Алматы қаласы, Рысқұлбеков көшесі, 28/7, 2-қабат мекенжайында орналасқан кеңсесіне әкелуге болады. Сонымен қатар, өтінішті сақтандыру омбудсманының сайтына (www.omb.kz) немесе оның office@omb.kz электрондық мекенжайына жіберуге болады.
Сақтандыру ұйымы сондай-ақ сақтандыру омбудсманына өз клиентінің оның филиалы, өкілдігі арқылы немесе сақтандыру ұйымының сайтына жіберілген шағымын қайта жіберуге міндетті.
Шетелдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, тұтынушы үшін дауларды сотқа дейінгі реттеудің артықшылығы сақтандыру компаниясына қойылатын талаптарды қанағаттандыру және қосымша шығындарсыз жеделдетілген тәртіппен білікті заң көмегін алу мүмкіндігі болып табылады.
Әлемдік тәжірибеде қақтығыстарды шешу үшін әртүрлі әдістер мен нысандар бар. Олардың таңдауы даудың сипатына байланысты. Мысалы, Ұлыбританияда қаржылық омбудсман жұмыс істейді, оның шешімдері сақтандыру компаниялары үшін міндетті. Германияда төрелік соттар мен сақтандыру бойынша омбудсмандар сақтанушылар мен сақтандыру компаниялары арасындағы дауларды шұғыл және арзан шешуді қамтамасыз етеді. Бұл тәсіл барлық тараптардың сақтандыру процесіне деген әділдігі мен сенімін сақтай отырып, қақтығыстарды тиімді шешуге ықпал етеді.
Соңғы заңнамалық өзгерістерге сәйкес сақтандыру омбудсманын Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі сайлайды. Сақтандыру нарығының қатысушылары тек үміткерлерді ұсынады және түпкілікті таңдауға ықпал етпейді. Сақтандыру омбудсманының қаржы ұйымдарында кез келген лауазымды атқаруға немесе сақтандыру ұйымдарына қатысты үлестес тұлға болуға құқығы жоқ. Осылайша, омбудсманның сақтандыру ұйымдарынан тәуелсіздігі және оның бейтарап және әділ шешім қалыптастыруы қамтамасыз етіледі.
Сақтандыру омбудсманының тәуелсіздігі дауларды шешуде объективтілік пен ашық пікірге кепілдік береді. Сақтандыру омбудсманы даудың екі жағын да тыңдайды, ұсынылған құжаттаманы зерделейді, қажет болған жағдайда қосымша құжаттарды сұратады, әділ шешімдер шығарады немесе қолданыстағы заңнама шеңберінде ұсынымдар мен түсіндірмелер береді.
Сақтандыру ұйымының клиенті үшін қызметтерді сақтандыру омбудсманы өтеусіз көрсетеді. Сақтандыру омбудсманының кеңсесін ұстау сақтандыру ұйымдарының қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
Сақтандыру омбудсманының шешімі сақтандыру ұйымының орындауы үшін міндетті болып табылатыны маңызды. Сақтандырушы сақтандыру омбудсманының шешімін орындауға міндетті, сондай-ақ ол уәкілетті органның немесе соттың шешімдерін орындайды.
Әрине, сақтандыру ұйымының клиенті сақтандыру омбудсманының шешімімен келіспеген жағдайда, клиент өз құқықтарын қорғау үшін тікелей уәкілетті органға не сотқа жүгінуге құқылы.
2022 жылы сақтандыру омбудсманына қарауға 1 588 өтініш келіп түсті, оның ішінде міндетті автосақтандыру бойынша – 1 511, бұл өтініштердің жалпы санының 95%-ын құрайды. Өтініш берушінің пайдасына 829 шешім шығарылды, оның ішінде міндетті автосақтандыру бойынша – 814. 2022 жылы сотта сақтандыру омбудсманының 10 шешіміне шағым жасалды, олардың 10-ы сотта өзгеріссіз қалды.
2024 жылдан бастап сотқа жүгінуден бұрын сақтандыру омбудсманына жүгіну міндетті қадам болады. Тиісті заңнамалық түзетулер 2022 жылдың жазында қабылданды.
Сақтандыру нарығындағы дауларды міндетті сотқа дейінгі реттеу рәсімі сот жүйесіне түсетін жүктемені азайтып қана қоймай, сондай-ақ өзін-өзі реттеу және тұтынушыларға сақтандыру қызметтерінің толық ауқымын ұсыну бойынша саланың әлеуетін іске асыруға толық көлемде мүмкіндік береді.
Дауларды жылдам әрі әділ реттеу тұтастай сақтандыру жүйесіне деген сенім деңгейін арттыруға ықпал етеді. Тұтынушылар сақтандыру омбудсманына жүгінудің барлық артықшылықтары туралы білуге тиіс.
Сақтандыру омбудсманы дауды шешіп қана қоймай, сондай-ақ тұтынушыға сақтандырудың ерекшелігі мен сақтандыру шартының талаптарын түсіндіруі керек. Заң бойынша оның жоғары заң білімі, мінсіз іскерлік беделі және сақтандыру саласында бес жылдан астам жұмыс стажы болуы керек. Осылайша, клиент пен сақтандыру компаниясының арасындағы дауды қарау сақтандыру нарығындағы құқық қолдану практикасын ескере отырып, кәсіби деңгейде жүзеге асырылады.
Өз әрекетінің дұрыс екенін дәлелдеу үшін тұтынушыға зақымдалған көлік құралы бойынша сақтандырушының бағалауын тексеру үшін тәуелсіз бағалаушыға дербес түрде жүгіну қажет болмайды. Сақтандыру омбудсманы дербес түрде және клиент үшін ақысыз негізде бағалау жүргізіп, сақтандырушы іс-әрекеттерінің заңнама мен шарт талаптарына сәйкестігін тексереді.
Қазіргі уақытта көлік құралына келтірілген зиянды бағалау процесінде сақтандырушылардың автокөліктің амортизациялық тозуын айқындау тәртібінің көптеген сұрақ туындататынын атап өткен жөн. Сақтандыру омбудсманының сайтында ашық қолжетімділікпен калькулятор орналастырылған, соның көмегімен тұтынушы өз автокөлігінің тозуын есептеп, сақтандырушының есептеулерін тексере алады. Сондай-ақ бұл сақтандырушылар бірдей санатқа (шыққан жылы, маркасы, жүріп өткен жолы және т.б.) жататын автокөлікке қолданатын тозуды айқындаудың түрлі тәсілдерінің қолданылуына жол бермейді.
Жалпы алғанда, сақтандыру омбудсманы институты тұтынушылардың сотқа жүгінген кездегі қосымша шығындарын азайту үшін құрылды. Шын мәнінде, омбудсман тұтынушыға тегін заң тұрғысынан көмек көрсетуші болып табылады.
Сақтандыру омбудсманының өтінішті қарау мерзіміне келетін болсақ, бүгінгі күні ол өтініш берген сәттен бастап ең көп дегенде екі айды құрайды.
Мерзім, әрине, аз емес, бірақ әр түрлі сатыдағы соттардағы өтінішті қарау мерзімдерімен салыстырғанда (сақтандырушының сот шешіміне шағымдану құқығын ескере отырып), кез келген жағдайда клиент автокөлікті жөндеуге ақшасын тезірек алады. Өйткені омбудсманның шешімін сақтандырушы онымен келісетініне немесе келіспейтініне қарамастан орындауға тиіс, және содан кейін ғана сақтандырушы сотта омбудсманның шешіміне қарсы шығуға құқылы.
Сақтандыру омбудсманы институты сақтандыру ұйымдары үшін клиентпен туындаған дауды дербес реттеуі үшін ынталандыру болып табылады. Өйткені, әрбір нақты сақтандыру компаниясының сақтандыру омбудсманының кеңсесіне төлейтін жарналарының мөлшері омбудсманның қарауына берілетін шағымдардың санына және реттеушінің анықталған бұзушылықтар бойынша қолданған қадағалап ықпал ету шараларының санына байланысты. Қанағаттанбаған клиенттер неғұрлым көп болса, жарна соғұрлым жоғары болады! Сондықтан кез келген сақтандырушы үшін істі сақтандыру омбудсманына немесе сотқа жеткізбестен, клиентпен кездесуге бару тиімдірек.
Сақтандыру омбудсманының қарауына келіп түсетін шағымдар мен өтініштердің саны жылдан жылға артып келеді. Мәселен, егер 2021 жылдың қорытындысы бойынша омбудсманға клиенттерден 1003 өтініш келіп түскен болса, 2022 жылы өтініштер саны 1588-ге дейін өсті, ал ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында 1179 өтінішке дейін артты.
Бұл сақтандыру омбудсманының қызметтері халық арасында сұранысқа ие екендігін, сондай-ақ сақтандыру нарығында тұтынушылардың құқықтарын қорғау жүйесін жетілдіру жұмысын жалғастыру қажеттігін растайды. Өйткені, 2024 жылдан кейін сақтандыру омбудсманының жұмысы көбейеді.
Сондықтан таяудағы болашақта Агенттіктің міндеті – сақтандыру нарығына қатысушылармен бірлесіп, 2024 жылдан бастап сақтандыру нарығында дауларды міндетті сотқа дейінгі реттеуді енгізуге дайындықты қамтамасыз ету және сақтандыру омбудсманының кеңсесі жұмысының тиімділігін арттыру.
Агенттіктің Сыртқы коммуникациялар басқармасы
+7 (727) 237 1089, press@finreg.kz