
2023 жылғы 14 тамызда «Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры» АҚ (бұдан әрі – Қор, СТКҚ) 20 жылдық мерейтойын атап өтеді.
Бүгінгі күні СТКҚ сақтандырудың барлық міндетті және әлеуметтік маңызды сыныптарын өтеуге кепілдік бере отырып, сақтандыру ұйымдарының клиенттерін және олардың сақтандыру төлемдерін сенімді қорғайтын сақтандыру нарығы инфрақұрылымының маңызды элементі болып табылады.
Қор шешетін басты міндет – сақтандыру ұйымы таратылған жағдайда, барлық клиенттерге сақтандыру төлемдеріне толық кепілдік беруді қамтамасыз ету.
Бұдан басқа, Қор егер кінәлі көлік оқиғасы орнынан қашып кеткен және оны анықтау мүмкін болмаған жағдайларда жол-көлік оқиғаларынан зардап шеккен адамдарды сақтандыру қорғауымен қамтамасыз етеді.
Алғашқы 5 жыл ішінде – 2008 жылғы 1 қазанға дейін – жалғыз акционер Ұлттық Банк болды, ол СТКҚ-ны құрудың басты бастамашысы болды. Әрі қарай Қордың капиталын қалыптастырудың нарықтық тетігі іске асырылды және қазіргі уақытта кепілдік берілген сақтандыру сыныптары бойынша қызметті жүзеге асыру құқығына лицензиясы бар 25 сақтандыру ұйымы оның акционерлері болып табылады.
Нәтижесінде, 20 жыл ішінде сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру жүйесі өзінің тиімділігін дәлелдеді: Қор сақтанушыларға 1,13 млрд теңге төледі. Ағымдағы жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша 12,84 млрд теңге сомаға кепілдік төлемдерді жүзеге асыру үшін айтарлықтай резервтер қалыптастырылды.
Бүгінгі күні СТКҚ-ның негізгі миссиясы халықтың сақтандыруға деген сенімін арттыру және жалпы алғанда сақтандыру саласының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету болып табылады. Ол үшін Қор сақтандыру ұйымдарының төлемге қабілетсіздік тәуекелдерін ерте анықтау және алдын алу жүйесін құру бойынша ауқымды жұмыс жүргізеді, сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру резервтерінің қаражатын сақтауды және тиімді басқаруды қамтамасыз етеді және сақтанушылардың қаржылық сауаттылығын арттыруға қатысады.
Осы шараларды іске асыру болашақта сақтандыру нарығының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, оның орнықты өсуіне, халықты және бизнесті сақтандыру қызметтерімен қамтуды арттыруға ықпал етеді.
Агенттік Қор ұжымын және оның акционерлерін ұйымның мерейтойымен құттықтайды, отандық сақтандыру нарығын дамытудағы жемісті ынтымақтастық үшін алғыс білдіреді және қызметіне толағай табыс тілейді!
2023 жылғы 7-8 қыркүйекте Алматы қаласында Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының 20 жылдық мерейтойына орайластырылған 1-ші халықаралық конференция өтеді.
Агенттіктің Сыртқы коммуникациялар басқармасы
+7 (727) 237 1089, press@finreg.kz