
Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын дамыту және қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын (бұдан әрі – Заң жобасы) әзірлеу туралы хабардар етеді.
Заң жобасы «Экономиканың нақты секторына кредит беруді кеңейту және халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы 10 наурыздағы № 140 Жарлығын, сондай-ақ Мемлекет басшысының ірі отандық бизнес өкілдерімен кездесуі барысында 2022 жылғы 21 қаңтарда айтылған тапсырманы іске асыру мақсатында әзірленді.
Заң жобасының мақсаттары мен міндеттері:
- қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау деңгейін арттыру, сондай-ақ кредиторларды ұстамды кредиттік саясат жүргізуге және азаматтардың проблемалық берешегін реттеу жөнінде шаралар қабылдауға ынталандыру;
- стрестік активтердің өтімді нарығын дамыту және осындай активтерді экономикалық айналымға тарту үшін реттелетін инфрақұрылым мен нарықтық тетіктерді құру;
- синдикатталған қаржыландыру мен банктермен бірлесіп қаржыландыруды дамыту және қаржы институттары мен жеке инвесторларды ел экономикасын қаржыландыруға тарту үшін қолайлы жағдайлар жасау;
- қаржы заңнамасын жетілдіру, оның ішінде рұқсат беру рәсімдерін оңтайландыру және қаржы нарығында қызметін жүзеге асыратын субъектілер үшін әкімшілік кедергілерді азайту жолымен жетілдіру.
Заң жобасының толық мәтінімен ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталында https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=14650870 және Агенттіктің ресми интернет-ресурсында «Нормативтік құқықтық база» бөлімінде танысуға болады
Сыртқы коммуникациялар басқармасы
+7 (727) 237 1089, press@finreg.kz