Банктік қызметтерді көрсету және банктік қызметтерді көрсету үдерісінде туындайтын клиенттердің өтініштерін қарау қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу

Банктік қызметтерді көрсету және банктік қызметтерді көрсету үдерісінде туындайтын клиенттердің өтініштерін қарау қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «Банктік қызметтерді көрсету және банктердің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың банктік қызметтерді көрсету үдерісінде туындайтын клиенттердің өтініштерін қарау қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2017 жылғы 28 шілдедегі № 136 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Агенттік Басқармасы қаулысының жобасы (бұдан әрі – Жоба) әзірленгенін хабарлайды. 

Жоба қарыз уақтылы қайтарылмаған жағдайда қаржылық қызметтерді тұтынушылардың қаржылық қызметтердің құны және жауапкершілігі мен тәуекелдері туралы толық түсінуі үшін қарыз алушылардың құқықтарын қорғауды күшейту мақсатында әзірленді.

Жоба:

- қарыздар мен салымдарды жарнамалау кезінде сыйақының шекті мөлшерлемелерінің диапазонын көрсетуді, сондай-ақ қарыз бойынша міндеттемелерді орындамаған кезде борышкерлердің жауапкершілігі туралы ілеспе хабармен қамтамасыз етуді;

- банктік шот және (немесе) банктік салым шартының маңызды талаптары туралы ақпарат беруді;

- банктік қызмет электрондық тәсілмен ұсынылған кезде клиенттің банктік шот және (немесе) банктік салым шартының маңызды талаптарымен банктің офертасын акцептеуге дейін міндетті келісуі туралы талапты;

- міндеттемелерді орындауды кешіктірудің туындағаны туралы қарыз алушыны хабардар ету нысанын бекітуді;

- қарыз алушыны оңалту жүргізілуі мүмкін мерзімді қысқартуды;

- банк клиенттерінің жазбаша өтініштеріне жауап беру тәсілдерін кеңейтуді, сондай-ақ банктердің клиенттердің өтініштерін қарау мерзімін белгілеуді көздейді.

Қаулы жобасының толық мәтінімен ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталында https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=14639782 сілтемесі бойынша және Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсында «Нормативтік құқықтық база» бөлімінде танысуға болады.  

 

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

7 (727) 237 1089, press@finreg.kz