
Қаржы реттеушісінің нарықпен тұрақты кездесулері шеңберінде 2023 жылғы 3 шілдеде Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (бұдан әрі – Агенттік) Төрағасы Мәдина Әбілқасымова екінші деңгейдегі банктердің басшыларымен кездесу өткізді. Кездесуге Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының өкілдері де қатысты.
Іс-шара барысында банк конгломераттарын шоғырландырылған қадағалауды күшейту, сондай-ақ алаяқтықпен күресудің жүйелік тәсілін әзірлеу мәселелері мен ұсыныстары талқыланды.
Мәселен, банк конгломераттарын шоғырландырылған қадағалауды күшейту шеңберінде Агенттік банк секторының Базель банктерді қадағалау комитеті айқындаған қаржы конгломераттарын қадағалау қағидаттарына сәйкестігін алдын ала бағалауды жүргізді. Бағалау нәтижесі бойынша банк конгломераттарын шоғырландырылған қадағалау жүйесін Базель банктерді қадағалау комитетінің қағидаттарын ескере отырып жақсарту бойынша ұсынымдар әзірленді.
Кездесуге қатысушылар банк конгломераттарына шоғырландырылған қадағалауды күшейту қажеттігін қолдады. Шоғырландырылған қадағалауды күшейту бойынша тиісті ұсыныстарды Агенттік «Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы» ЗТБ-мен және банк секторына қатысушылармен бірлесіп ағымдағы жылдың соңына дейін әзірлейтін болады.
Қаржылық алаяқтықпен күрес жөніндегі жүйелік тәсіл шеңберінде Агенттік мемлекеттік органдармен бірлесіп тікелей қарсы іс-қимыл бойынша да, алаяқтық әрекеттерден зардап шеккен салымшылардың шығынын реттеу тетігін әзірлеу бойынша да іс-шаралар кешенін жүргізуде. Агенттік басшылығы осы жұмысқа нарық өкілдерін тарту қажеттігін атап өтті. Сонымен бірге Азаматтарды онлайн алаяқтардан қорғау жөніндегі жол картасы әзірленді, оның шеңберінде алаяқтық операциялар бойынша деректер жинауды қамтамасыз ететін және нарық субъектілеріне нақты уақыт режимінде күдікті операцияларды бұғаттауға мүмкіндік беретін қаржы нарығы үшін Антифрод-орталық құру көзделеді.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы
+7 (727) 237-10-89, press@finreg.kz