
2023 жылғы 27 маусымда Агенттік Қазақстан Республикасы ІТ-компанияларының өкілдерімен және Қазақстандық ІТ-компаниялар қауымдастығымен «Қаржы нарығындағы ашық деректерге қажеттілікті анықтау» тақырыбында онлайн кездесу өткізді.
Кездесу барысында Ақпараттық технологиялар департаментінің директоры Юлия Ахмуртова ашық деректерді ұсыну бөлігінде Агенттіктің жүргізіп жатқан жұмысы және мұндай деректердің ашық деректер интернет-порталы мен интернет-ресурсында қолжетімді болуы туралы айтып берді.
Дұрыс бәсекелестікті дамыту, цифрлық қаржылық қызметтер тізбесін кеңейту мақсатында Агенттік Ұлттық Банкпен бірлесіп, өзара іс-қимылдың ашық интерфейстері мен ашық платформалар технологияларын дамыту бойынша
іс-шараларды белсенді түрде жүргізуде.
Агенттік қаржылық қызметтердің қолжетімділігін арттыру саласындағы негізгі бағыттардың бірі болып табылатын Open API мен Open Banking-ті қаржы саласында дамыту жөніндегі стратегиялық жобаны іске асыру туралы да ақпарат берді. Қазақстан Республикасында Open API мен Open Banking-ті дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған тұжырымдасының негізгі тәсілдері, сондай-ақ жобаны іске асыру бойынша алдағы міндеттер туралы айтылды.
Агенттік өкілдері реттеушілердің рөлі және жоба шеңберінде жауапкершілік аясын бөлу туралы, ақпараттық қауіпсіздік стандарттарын қоса алғанда, деректер алмасудың бірыңғай стандарттарын әзірлеу туралы айтты. Жобаның 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен жүзеге асырылатыны және нәтижесінде халыққа ұсынылатын қаржылық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға ықпал ететіні, тұтынушыларға қаржыны басқарудың ыңғайлы құралдарын пайдалану мүмкіндігін беретіні атап өтілді. Өзара іс-қимылға қатысушылар арасында конфиденциалды мәліметтер алмасу мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін Агенттік ақпараттық қауіпсіздік стандарттарына ерекше назар аударатын болады.
Кездесу шеңберінде Агенттік халыққа арналған инновациялық өнімдер мен сервистерді құру және дамыту үшін қажетті қаржы ұйымдарының ашық деректерінің тізбесі бойынша ұсыныстар жинау мақсатында қатысушы IT-компаниялардың өкілдері арасында пікіртерім жүргізді. Кездесуге қатысушылар ІТ-қоғамдастық өкілдерінің Оpen API және Open Banking технологияларын енгізу және сараптамалық пікірді ескере отырып бірлескен ұсынымдар әзірлеу мәселелерінде реттеушілермен тығыз өзара іс-қимылының маңыздылығын атап өтті.
Кездесу нәтижелері бойынша ІТ-компаниялар тарапынан сұранысқа ие ашық деректердің тізбесі және оларды қолдану бағыттары бойынша кері байланыс күтілуде.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы
+7 (727) 237 1089, press@finreg.kz