Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы 2023 жылғы 1 маусымдағы жұмыс қорытындылары туралы

Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы 2023 жылғы 1 маусымдағы жұмыс қорытындылары туралы

2023 жылғы мамырда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (бұдан әрі – Агенттік) тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелеріндегі қызметі негізінен қарыз алушылардың тұтынушылық қарыз бойынша берешекті қайта құрылымдауға жәрдемдесу туралы өтініштерін қараумен және олардың борыш жүктемесін төмендету шараларын қабылдаумен байланысты болды.

2023 жылғы мамырда Агенттік банктердің, микроқаржы ұйымдарының, коллекторлық агенттіктердің, сақтандыру және бағалы қағаздар нарығы субъектілерінің қызметіне байланысты жеке және заңды тұлғалардың 5 097 өтінішін қарады, бұл 2023 жылғы сәуірмен салыстырғанда 2,3%-ға көп.

Өтініштердің ең көп үлесі банк секторына тиесілі – өтініштердің жалпы санының 60,0%-ы. Микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың қызметі мәселелері бойынша өтініштер өтініштердің жалпы санының 24,7%-ын, коллекторлық агенттіктердің 5,6%-ын, сақтандыру нарығы субъектілерінің 2,1%-ын, өзге ұйымдардың 4,3%-ын құрады.

Агенттік 2023 жылғы мамырда 11 ұсынымдық қадағалап ден қою шарасын, 6 жазбаша ұйғарым, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы 14 хаттама бойынша 4,4 млн теңге жалпы сомаға 14 әкімшілік жаза қолданды, оның ішінде:

- банктерге – 10 ұсынымдық қадағалап ден қою шарасы, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы 2 хаттама бойынша 1,4 млн теңге жалпы сомаға 2 әкімшілік жаза қолданды;

- сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарына – 1 ұсынымдық қадағалап ден қою шарасы және әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы 2 хаттама бойынша 690 мың теңге жалпы сомаға 2 әкімшілік жаза;

- коллекторлық агенттіктерге – 1 жазбаша ұйғарым, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы 7 хаттама бойынша 1,6 млн теңге жалпы сомаға 7 әкімшілік жаза;

- микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдарға – 5 жазбаша ұйғарым, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы 3 хаттама бойынша 690 мың теңге жалпы сомаға 3 әкімшілік жаза қолданды.

Агенттік жалғыз баспанасын сақтап қалу және борыш жүктемесін төмендетуге бағытталған, Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын (ипотекалық қарыздарды) қайта қаржыландыру бағдарламасын (бұдан әрі – Бағдарлама) үш бағыт бойынша іске асыруда.

Бағдарламаның 2004 – 2009 жылдар аралығындағы кезеңде ипотекалық қарыз алған қарыз алушылардың жалғыз тұрғын үйін сақтауға бағытталған бірінші бөлігі шеңберінде 2023 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша банктер 195,6 млрд теңге сомасына 32,1 мың қарызды қайта қаржыландырды.

Бағдарламаның 01.01.2016 ж. дейін берілген валюталық ипотекалық қарыздарды айырбастауға/қайта қаржыландыруға бағытталған екінші бөлігі шеңберінде, банктер 134,5 млрд теңге сомасына 13,8 мың валюталық ипотекалық қарызды айырбастауды/қайта қаржыландыруды жүргізді. Валюталық қарыздарды айырбастау/қайта қаржыландыру 2023 жылғы 31 желтоқсанға дейін жүргізіледі.

Бағдарламаның үшінші бөлігі шеңберінде 2023 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша банктер 10,3 мың ХӘОТ-қа жататын қарыз алушыға 72,2 млрд теңге сомаға қосымша қаржылық қолдау шараларын көрсетті. Қарыз алушының берешегін азайту, өтеудің жеңілдетілген кестелерін белгілеу, сондай-ақ банк балансында тұрған жалғыз баспананы қарыз алушының меншігіне қайтару түріндегі қосымша көмек 2023 жылғы 31 желтоқсанға дейін көрсетіледі.

 

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

+7 (727) 237 1089, press@finreg.kz