
23 маусымда AlmaU университетінде активтердің сапасын тұрақты бағалауды (AQR) және қадағалап стресс-тестілеуді (ҚСТ) өткізуге арналған жыл сайынғы конференция өтті. Конференцияға банктік қоғамдастықтың, аудиторлық компаниялардың және халықаралық қаржы ұйымдарының өкілдері қатысты.
Конференцияны ашқан Агенттіктің Банктерді талдау және стресс-тестілеу департаментінің директоры Иван Мойсов тәуекелге бағдарланған қадағалаудың негізгі құралы ретінде тұрақты AQR және ҚСТ маңыздылығын атап өтті.
2022 жылы бағалауға активтері банк секторының 71%-ын құрайтын 10 ірі банк енгізілді. Күрделі геосаяси ахуалға және сыртқы сын-қатерлерге қарамастан, 2022 жылғы AQR және ҚСТ нәтижелері банк жүйесінің жалпы тұрақтылығын растады. Бұл орнықтылық секторды нығайту және тәуекелге бағдарланған қадағалауды енгізу жөніндегі күш-жігердің нәтижесі болып табылады.
Өткізілген конференция аясында Агенттік көптеген өзекті мәселелерді, оның ішінде өзі әзірлеген, активтердің сапасын бағалау (AQR) модельдерінің ерекшеліктерін, баланстан тыс міндеттемелер бойынша күтілетін кредиттік зиянды есептеу тәсілдерін, сондай-ақ кредиттік тәуекелді бағалауға баса назар аудара отырып, қадағалап стресс-тестілеу модельдерін диагностикалау мәселелерін атап өтті. Мертон-Васичек моделін қадағалап стресс-тестілеу аясында қолдану талқыланған маңызды тақырыптардың бірі болды.
Агенттік сондай-ақ, банктерге олардың AQR және қадағалап стресс-тестілеу процестеріне сәтті қатысуына байланысты ұсынымдар берді. Бұл ұсынымдардың негізгі элементтеріне банктерде ұсынылатын деректердің дәлдігін және сапасын бақылаудың ішкі тетіктерінің болуы, сондай-ақ нақты белгіленген міндеттері бар әр түрлі бөлімшелер арасындағы жолға қойылған өзара іс-қимыл қажеттілігі жатады.
Сонымен қатар, Агенттік банктік процестерді автоматтандырудың жоғары деңгейінің және үлкен көлемдегі деректерді сақтау мүмкіндігінің маңыздылығын атап өтті. Бұл факторлар Агенттікпен өзара іс-қимылды жеңілдетуге ықпал етіп қана қоймайды, сондай-ақ қадағалау рәсімдерін өткізу уақытын қысқартады, нәтижелердің дәлдігін арттырады және банк ресурстарын пайдалануды оңтайландырады.
Конференцияда Агенттік ұсынған ұсынымдар мен қорытындыларды қатысушылар белсенді түрде талқылағанын айта кету керек, бұл олардың банк секторы үшін маңызды және өзекті екенін көрсетеді.
Конференция тұрақты AQR және стресс-тестілеу кезінде өзара іс-қимылды жеңілдету, осы саладағы түсіністік пен құзыреттіліктің жалпы деңгейін арттыру мақсатында екінші рет өткізіліп отыр. Реттеуші мұндай іс-шаралар тәуекелдерді бағалауда тәжірибе алмасудың тұрақты алаңы болатынына сенім білдірді.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы
+7 (727) 237 1089, press@finreg.kz