Алматы қаласында Халықаралық валюта қорының Кавказ, ОА және Моңғолияны дамыту жөніндегі өңірлік орталығын ресми ашу туралы

Алматы қаласында Халықаралық валюта қорының Кавказ, ОА және Моңғолияны дамыту жөніндегі өңірлік орталығын ресми ашу туралы

Алматы қаласында ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы Мәдина Әбілқасымованың, ҚР Ұлттық Банкі өкілдерінің, өңір және әлем елдерінің орталық банктерінің, халықаралық қаржы ұйымдарының және бірқатар дипломатиялық миссиялардың, сондай-ақ өзге де мемлекеттік органдардың басшыларының қатысуымен Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) Кавказды, ОА және Моңғолияны дамыту жөніндегі өңірлік орталығының (ХВҚ) ресми ашылуы өтті.

Басқарушы директор Кристалина Георгиева бастаған ХВҚ делегациясы Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) Кавказ, Орталық Азия және Моңғолия елдері үшін әлеуетті дамыту жөніндегі өңірлік орталығының салтанатты ашылу рәсімін өткізді.

Алматы қаласында ХВҚ Өңірлік орталығын ашудың мақсаты Қазақстан мен ХВҚ арасындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастықты одан әрі қолдау болып табылады.

Алматыдағы өңірлік орталық әлемдегі ХВҚ әлеуетін дамытудың 17-ші орталығына айналды. Орталық ХВҚ қызметін аймақтың тоғыз елінде үйлестіреді: Армения, Әзірбайжан, Грузия, Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Моңғолия, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан. Орталықтың қызметі құзыреттерді дамытуға, тәжірибе алмасуға, мемлекеттік басқару, ақша-кредит және бюджет саясаты, қаржы секторын дамыту саласындағы үздік әлемдік тәжірибелерді зерделеуге және қолдануға бағытталатын болады.

Өңірлік орталықтың ашылуына орайластырылған дөңгелек үстел барысында Мәдина Әбілқасымова жаһандық және жергілікті сын-қатерлерді ескере отырып, өңір елдерінің қаржы реттеушілері ынтымақтастығының негізгі басымдықтарының бірі қаржы дағдарыстарының таралуына жол бермеу үшін, оның ішінде қаржы секторын реттеудің халықаралық стандарттарын енгізу арқылы үйлестіруді күшейту болып табылатынын атап өтті.

«Қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету және банк жүйесіне деген сенімді сақтау үшін өтімділікті шұғыл беру, сондай- ақ салымдарға кепілдік беру тетіктерін жетілдіру маңызды», - деп атап өтті қаржы реттеушісінің басшысы.

Осылайша, өңірлік орталық тәжірибе алмасу және жергілікті және жаһандық сын-қатерлерді еңсеруге бағытталған тиімді шешімдерді әзірлеу алаңын ұсына отырып, өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететін болады.

 

Агенттіктің Сыртқы коммуникациялар басқармасы:

 +7 (727) 2371089, press@finreg.kz