
Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, «Нархоз университеті» КАҚ және «Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры» АҚ арасында «Актуарий» білім беру бағдарламасы бойынша кадрларды даярлау және қайта даярлау туралы Келісімге қол қойылды.
Келісімнің мақсаты Нархоз университеті 20 жыл бойы іске асырып келе жатқан және FIBAA халықаралық агенттігінің қолдауына ие болған "қолданбалы қаржы" бағдарламасы шеңберінде сақтандыру секторының білікті актуарийлерге деген қажеттілігін қанағаттандыру болып табылады. Соның арқасында осы бағдарлама түлектерінің дипломдары бүкіл еуропалық жоғары білім кеңістігінде танылады.
Қол қойылған құжат шеңберінде Агенттік қызметкерлері қатарынан кәсіби мамандардың дәріс және практикалық сабақтар өткізуге қатысуын қамтамасыз етуге жәрдемдесетін және өндірістік практикадан өту үшін орындар беретін болады.
Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры актуарийлерді даярлауға және қайта даярлауға мүдделі Қор акционерлері атынан үйлестіруші болады.
Нархоз университеті өз кезегінде Орталық Азиядағы жетекші жоғары оқу орындарының бірі және еліміздің барлық қаржы секторы үшін кадрлар ұстасы болып табылады. Университет президенті Мирас Дәуленов "Актуарий" білім беру бағдарламасы бойынша оқитын студенттердің болашағы зор екенін және бұл келісім Нархоз бен қаржы реттеушісінің ынтымақтастығының бірінші кезеңі ғана екенін ортаға салды.
Актуарий – қаржылық қауіпсіздік, тәуекелдерді бағалау және математикалық тұрғыдан негізделген сақтандыру, қаржылық, инвестициялық, әлеуметтік және зейнетақы схемаларын әзірлеу, сақтандыру оқиғаларының, аурулар мен өлімдердің, табиғи апаттар мен апаттардан болатын залалдардың ықтималдығын анықтау мақсатында статистикалық талдау міндеттерін шешетін актуарлық есеп айырысу, экономика және қаржы саласындағы маман.
Шетелде актуарий мамандығы ең жоғары ақы төленетін және беделді мамандықтардың біріне жатады. Қазақстанда сақтандыру нарығы дамыған сайын актуарий мамандығы жыл сайын экономиканың сақтандыру және қаржы секторлары үшін барынша өзекті және маңызды бола түсуде. Актуарийлер инвестициялық қызметтер көрсету, тәуекелдерді бағалау, зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру саласында да сұранысқа ие.
Бүгінгі күні нарықта 58 лицензияланған актуарий қызметін жүзеге асыруда. «Актуарий» бағдарламасы қаржы секторының кадрлық әлеуетін нығайтуға және актуарий сияқты маңызды және қажетті мамандықты одан әрі дамытуға серпін беруге мүмкіндік береді.
Қазақстан заңнамасына сәйкес әрбір сақтандыру ұйымының штатында актуарий болуға тиіс. 2025 жылдан бастап сақтандыру ұйымының атқарушы органы мүшелерінің бірінде актуарийлерді оқытудың ең төмен міндетті бағдарламасы курстарының кемінде елу пайызын тыңдағаны туралы растайтын құжаттары болуға тиіс.
Сондықтан Агенттік те, сақтандыру нарығына қатысушылар да актуарий мамандығын дамытуға мүдделі, себебі бұл сақтандыру секторының тұрақтылығы мен орнықтылығын арттыруға тікелей әсер етеді.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы
+7 (727) 237 1089, press@finreg.kz