
7 маусымда Астана қаласында жыл сайынғы Astana Finance Days іс-шарасы өтті. Бұл Еуразия өңірінің жыл сайынғы қаржы конференциясы, ол 2018 жылдан бастап мемлекеттік органдардың өкілдері, қаржы саласының сарапшылары, инвесторлар мен бизнес басшылары үшін платформа ретінде қызмет етеді, оның шеңберінде қаржы саласының заманауи проблемалары, үрдістері мен мүмкіндіктері талқыланады.
"ESG есептілігінің болашағы" сессиясының аясында ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының орынбасары Мария Хаджиева қаржы ұйымдарының қызметін неғұрлым дәлірек бағалау қажеттілігі, сондай-ақ белгіленген мақсаттардың сыртқы факторлардың кең ауқымымен арақатынасы туралы айтты. Қазіргі жағдайда орнықты даму саласындағы тиімділік көрсеткіштері туралы ақпаратты жария ету міндетінің өзектілігі айтарлықтай өсті. ESG қағидаттарына көшу тәуекелдерін азайту мақсатында Агенттік оларды қаржы ұйымдарының стратегияларына біртіндеп ықпалдастыру саясатын ұстанады.
Жарияланған саясатты іске асыру үшін Агенттік биыл наурыз айында Қазақстанның қаржы нарығында ESG қағидаттарын енгізу жөніндегі жол картасын әзірледі, онда орнықты қаржыландыру саласындағы негізгі бастамалар қамтылған. Агенттік осы Жол картасын іске асыруға кірісті. Агенттік IFC-тің қолдау көрсетуімен Банктер және басқа қаржы ұйымдары үшін ESG-ақпаратты жария ету жөніндегі нұсқауды қабылдады. Осы нұсқау шеңберінде қаржылық емес ақпаратты жария ету: маңызды ESG-ақпаратты анықтау, ESG-факторларды басқару және корпоративтік басқару сияқты үш блок шеңберінде жүзеге асырылатын болады.
Қаржы ұйымдары аталған құжатты жыл сайынғы есептілік шеңберінде олардың қызметіне ESG факторлардың әсерін бағалау жөнінде есеп дайындау және жария ету үшін пайдалана алады. Нұсқау ESG-есепті дайындауға қойылатын талаптардан, атап айтқанда жария етілетін ақпараттың көлеміне, сапасына, форматына және кезеңділігіне қойылатын талаптардан тұрады.
«Реттеушілік шараларға қатысты біз 2023 жыл ішінде қаржы ұйымдары ESG-ақпаратты ерікті негізде жария етеді деп күтеміз және келесі жылдан бастап ESG-ақпаратты жария ету міндетті болады», - деп атап өтті қаржы реттеушісінің өкілі.
Тағы бір маңызды бағыт климаттық стресс-тестілеу өткізу болып табылады. Қазіргі сәтте Агенттік ХВҚ-мен бірлесіп, FSAP (Financial Stability Assessment Program) шеңберінде климаттық стресс-тестілеу өткізу үшін сценарийлер әзірлеу тәсілдерін айқындау бойынша жұмыс жүргізуде.
Бұл ретте, қадағалап стресс-тестілеуде қолданылған макроэкономикалық факторларға белгілі бір климаттық тәуекелдер енгізіліп қойғанын атап өткен жөн.
Сондай-ақ, климаттық стресс-тестілеу өткізу кезінде сценарийлер әзірлеу үшін тәсілдерді айқындау кезінде де NGFS (Network for Greening the Financial System) сценарийін қоса алғанда, сценарийлердің барлық мүмкін нұсқалары қарастырылатын болады.
Биыл жылдың басында Агенттік NGFS-ге кіруге өтінім берді, оны мүшелері алдын ала мақұлдады. NGFS Париж келісімінің мақсаттарына қол жеткізу үшін қажетті жаһандық жауап шараларына және экологиялық орнықты даму аясында тәуекелдерді басқару және «жасыл» және төмен көміртекті инвестициялар үшін капиталды шоғырландыруда қаржы жүйесінің рөлін арттыруға ықпал етеді.
«Жалпы алғанда, сценарийлер әзірлеу тәсілдерін айқындауды осы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отырғанын атап өткен жөн. Бұдан былай климаттық тәуекелдер 2024 жылы ескерілетін болады»,- деп сөзін қорытты Мария Хаджиева.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы
+7 (727) 237 1089, press@finreg.kz