Банктер мен басқа қаржы ұйымдары үшін экологиялық, әлеуметтік және корпоративтік басқару саласындағы ақпаратты жария ету жөніндегі нұсқау туралы

Банктер мен басқа қаржы ұйымдары үшін экологиялық, әлеуметтік және корпоративтік басқару саласындағы ақпаратты жария ету жөніндегі нұсқау туралы

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (бұдан әрі – Агенттік) Банктер мен басқа да қаржы ұйымдары үшін экологиялық, әлеуметтік және корпоративтік басқару (Environmental, Social and Corporate Governance, ESG) саласындағы ақпаратты жария ету жөніндегі нұсқауды (бұдан әрі – Нұсқау) бекіткенін хабарлайды.

Нұсқау Қазақстанның қаржы нарығында ESG-ақпараттың қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету мақсатында әзірленді және БҰҰ-ның «G20» жанындағы климатқа байланысты қаржылық ақпаратты жария ету жөніндегі жұмыс тобының (The FSB Task Force on Climate-related Financial Disclosures, TCFD); БҰҰ Қоршаған ортаны қорғау бағдарламасының (ЮНЕП) қолдауымен құрылған Жаһандық есеп беру бастамасының (Global Reporting Initiatives, GRI); АҚШ-тың Орнықты даму саласындағы бухгалтерлік есеп стандарттары жөніндегі кеңесінің (Sustainability Accounting Standards Board, SASB) тұрақты даму туралы қаржылық емес есептілігін дайындау үшін озық халықаралық практика мен стандарттарға негізделген.

Нұсқауда маңызды ESG-ақпаратты, жария етілетін ақпараттың дәрежесі мен кезеңділігін айқындау рәсімдері көзделген. Бұдан басқа, ESG саласындағы тиімділіктің негізгі көрсеткіштері айқындалған.

ESG-ақпараттың қолжетімділігін және жария ету сапасын арттыру қаржы нарығында бірқатар басымдықтарды қамтамасыз етеді, атап айтқанда:

  • әлеуметтік және экологиялық тұрғыдан жауапты қаржы жүйесін құру;
  • мүдделі тараптардың қаржы ұйымының қоршаған ортаға және әлеуметтік салаға әсері туралы ақпаратқа қол жеткізуі, сондай-ақ ESG-факторларға байланысты елеулі тәуекелдер мен мүмкіндіктерді бағалау мүмкіндігін ұсыну;
  • стратегиялық басымдықтарды қалыптастыру, басқарушылық шешімдер қабылдау, тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйелерін ұйымдастыру кезінде, басқалармен қатар, қаржы ұйымының қызметіне байланысты ESG- факторларды есепке алу практикасы мен рәсімдерін құру;
  • ESG-қағидаттарына бағдарланған инвесторларды тарту арқылы отандық қаржы ұйымдары үшін халықаралық капитал нарығына қолжетімділікті кеңейту.

Нұсқау, бірінші кезекте, банктердің орнықты дамуы саласындағы қаржылық емес ақпаратты жария етуіне арналған және қызметінің ерекшеліктеріне негізделген қосымша факторларды ескере отырып, оларды өзге қаржы ұйымдары, оның ішінде сақтандыру ұйымдары мен бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушылары пайдалана алады.

Нұсқаудың толық мәтінімен Агенттіктің ресми интернет-ресурсында «Орнықты қаржыландырубөлімінде танысуға болады.

 

Толығырақ  ақпаратты мына телефондар бойынша алуға болады:

+7 (727) 2 619 200

e-mail: press@finreg.kz

www.finreg.kz