
2023 жылғы сәуірде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (бұдан әрі – Агенттік) тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелеріндегі қызметі негізінен қарыз алушылардың борыш жүктемесін азайту үшін жәрдем көрсету туралы өтініштерін қараумен және шаралар қабылдаумен байланысты болды.
2023 жылғы сәуірде Агенттік банктердің, микроқаржы ұйымдарының, коллекторлық агенттіктердің, сақтандыру және бағалы қағаздар нарығы субъектілерінің қызметіне байланысты жеке және заңды тұлғалардың 4 982 өтінішін қарады, бұл 2023 жылғы наурызбен салыстырғанда 29,4%-ға аз.
Өтініштердің ең көп үлесі банктерге тиесілі, ол өтініштердің жалпы санының 57%-ын құрады. Микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың қызметі мәселелері бойынша өтініштер жалпы санның 23%-ын, коллекторлық агенттіктердің 4%-ын, сақтандыру нарығы субъектілерінің 3%-ын, өзге ұйымдардың 7%-ын құрады.
Агенттік 2023 жылғы сәуірде 11 ұсынымдық қадағалап ден қою шарасы, 10 жазбаша ұйғарым, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы 37 хаттама бойынша 12 млн теңге жалпы сомаға 10 әкімшілік жаза қолданды, оның ішінде:
- банктерге – 9 ұсынымдық қадағалап ден қою шарасы және 1 жазбаша ұйғарым;
- сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарына – 2 ұсынымдық қадағалап ден қою шарасы;
- коллекторлық агенттіктерге – 1 жазбаша ұйғарым, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы 11 хаттама бойынша 2,3 млн теңге жалпы сомаға 7 әкімшілік жаза;
- микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдарына – 8 жазбаша ұйғарым, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы 26 хаттама бойынша 9,7 млн жалпы сомаға 3 әкімшілік жаза.
Агенттік жалғыз баспанасын сақтап қалуға және қарыздық жүктемені азайтуға бағытталған Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын (ипотекалық қарыздарды) қайта қаржыландыру бағдарламасын (бұдан әрі – Бағдарлама) үш бағыт бойынша іске асыруда.
Бағдарламаның қарыз алушылардың жалғыз баспанасын сақтап қалуға бағытталған бірінші бөлігі шеңберінде банктер 2004-2009 жылдар аралығындағы кезеңде ипотекалық қарыз алған 2023 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша 194,3 млрд теңге сомаға 32 мың қарызды қайта қаржыландырды.
Бағдарламаның 01.01.2016 жылға дейін берілген валюталық ипотекалық қарыздарды айырбастауға/қайта қаржыландыруға бағытталған екінші бөлігі шеңберінде банктер 134,5 млрд теңге сомаға 13,8 мың валюталық ипотекалық қарызды айырбастауды жүзеге асырды. Валюталық қарыздарды айырбастау/қайта қаржыландыру 2023 жылғы 1 шілдеге дейін өткізілетін болады.
Бағдарламаның үшінші бөлігі шеңберінде банктер 2023 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша 10,3 мың ХӘОТ-қа жататын қарыз алушыға 71,3 млрд теңге сомаға қосымша қаржылық қолдау шараларын көрсетті. Қарыз алушының берешегін азайту, өтеудің жеңілдетілген кестелерін белгілеу, сондай-ақ банк балансында тұрған жалғыз баспананы қарыз алушының меншігіне қайтару түрінде қосымша көмек 2023 жылғы 1 шілдеге дейін көрсетіледі.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы
+7 (727) 237 1089, press@finreg.kz