
2023 жылғы наурызда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (бұдан әрі – Агенттік) тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелеріндегі қызметі негізінен қарыз алушылардың борыш жүктемесін азайту үшін жәрдем көрсету туралы өтініштерін қараумен және шаралар қабылдаумен байланысты болды.
2023 жылғы наурызда Агенттік банктердің, микроқаржы ұйымдарының, коллекторлық агенттіктердің, сақтандыру және бағалы қағаздар нарығы субъектілерінің қызметіне байланысты жеке және заңды тұлғалардың 7 058 өтінішін қарады, бұл 2023 жылғы ақпанмен салыстырғанда 119,2 %-ға көп.
Өтініштердің ең көп үлесі банктерге тиесілі, ол өтініштердің жалпы санының 53%-ын құрады. Микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың қызметі мәселелері бойынша өтініштер жалпы санның 40%-ын, коллекторлық агенттіктердің 3%-ын, сақтандыру нарығы субъектілерінің 2%-ын, өзге ұйымдардың 2%-ын құрады.
Агенттік 2023 жылғы наурызда 6 ұсынымдық қадағалап ден қою шарасын, 6 жазбаша ұйғарым, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы 7 хаттама бойынша 2,4 млн теңге жалпы сомаға 7 әкімшілік жаза қолданды, оның ішінде:
- банктерге – 6 ұсынымдық қадағалап ден қою шарасы және әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы 2 хаттама бойынша 1,4 млн теңге жалпы сомаға 2 әкімшілік жаза;
- коллекторлық агенттіктерге – 1 жазбаша ұйғарым, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы 5 хаттама бойынша 1,0 млн теңге жалпы сомаға 5 әкімшілік жаза;
- микроқаржы ұйымдарына – 5 жазбаша ұйғарым.
2004-2009 жылдар аралығындағы кезеңде ипотекалық қарыз алған қарыз алушылардың жалғыз баспанасын сақтап қалуға бағытталған Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын (ипотекалық қарыздарды) қайта қаржыландыру бағдарламасының бірінші бөлігі шеңберінде банктер 2023 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша 193,0 млрд теңге сомаға 31,9 мың қарызды қайта қаржыландырды.
Бағдарламаның бірінші және екінші бөліктері шеңберінде банктер 133,1 млрд теңге сомаға 13,8 мың валюталық ипотекалық қарызды айырбастауды аяқтады.
Бағдарламаның үшінші бөлігі шеңберінде банктер 2023 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша 10,3 мың ХӘОТ-қа жататын қарыз алушыға 68,2 млрд теңге сомаға қосымша қаржылық қолдау шараларын көрсетті. Қарыз алушының берешегін азайту, өтеудің жеңілдетілген кестелерін белгілеу, сондай-ақ банк балансында тұрған жалғыз баспананы қарыз алушының меншігіне қайтару түрінде қосымша көмек көрсетіледі.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы
+7 (727) 237 1089, press@finreg.kz