Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы 2023 жылғы 1 наурыздағы жұмыс қорытындылары туралы

Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы 2023 жылғы 1 наурыздағы жұмыс қорытындылары туралы

2023 жылғы ақпанда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (бұдан әрі – Агенттік) тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелеріндегі қызметі негізінен қарыз алушылардың борыш жүктемесін азайту үшін жәрдем көрсету туралы өтініштерін қараумен және шаралар қабылдаумен байланысты болды.

2023 жылғы ақпанда Агенттік банктердің, микроқаржы ұйымдарының, коллекторлық агенттіктердің, сақтандыру және бағалы қағаздар нарығы субъектілерінің қызметіне байланысты жеке және заңды тұлғалардың 3 220 өтінішін қарады, бұл 2023 жылғы қаңтармен салыстырғанда 46,5%-ға аз.

Өтініштердің ең көп үлесі банктерге тиесілі, ол өтініштердің жалпы санының 51%-ын құрады. Микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың қызметі мәселелері бойынша өтініштер жалпы санның 37%-ын, коллекторлық агенттіктердің 6%-ын, сақтандыру нарығы субъектілерінің 2%-ын, өзге ұйымдардың 4%-ын құрады.

Агенттік 2023 жылғы ақпанда 14 ұсынымдық қадағалап ден қою шарасын, 4 жазбаша ұйғарым, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы 35 хаттама бойынша 11,8 млн теңге жалпы сомаға 6 әкімшілік жаза қолданды, оның ішінде:

- банктерге -  12 ұсынымдық қадағалап ден қою шарасы және әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы 1 хаттама бойынша 0,7 млн теңге жалпы сомаға 1 әкімшілік жаза;

- банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға – 1 ұсынымдық қадағалап ден қою шарасы;

- сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарына – 1 ұсынымдық қадағалап ден қою шарасы;

- коллекторлық агенттіктерге – әкімшілік құқық бұзушылық туралы 1 хаттама бойынша 0,2 млн теңге жалпы сомаға 1 әкімшілік жаза;

- микроқаржы ұйымдарына – 4 жазбаша ұйғарым, әкімшілік құқық бұзушылық туралы 33 хаттама бойынша 10,9 млн теңге жалпы сомаға 4 әкімшілік жаза.

2004-2009 жылдар аралығындағы кезеңде ипотекалық қарыз алған қарыз алушылардың жалғыз баспанасын сақтап қалуға бағытталған Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын (ипотекалық қарыздарды) қайта қаржыландыру бағдарламасының бірінші бөлігі шеңберінде банктер 2023 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша 192,0 млрд теңге сомаға 31,8 мың қарызды қайта қаржыландырды.

Бағдарламаның бірінші және екінші бөліктері шеңберінде банктер 132,7 млрд теңге сомаға 13,8 мың валюталық ипотекалық қарызды айырбастауды аяқтады.

Бағдарламаның үшінші бөлігі шеңберінде банктер 2023 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша 10,1 мың ХӘОТ-қа жататын қарыз алушыға 66,9 млрд теңге сомаға қосымша қаржылық қолдау шараларын көрсетті. Қарыз алушының берешегін азайту, өтеудің жеңілдетілген кестелерін белгілеу, сондай-ақ банк балансында тұрған жалғыз баспананы қарыз алушының меншігіне қайтару түрінде қосымша көмек көрсетіледі.

 

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

+7 (727) 237 1089, press@finreg.kz