Жаңа білім беру жинақтау сақтандыру өнімі

Жаңа білім беру жинақтау сақтандыру өнімі

Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Сақтандыру нарығы және актуарлық есеп айырысу департаментінің директоры Әсел Әмірбаеваның түсіндірмесі

 

2022 жылғы 12 қыркүйекте қолданысқа енгізілген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын реттеу мен дамыту, банк қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен сақтандыру ұйымдарының мемлекеттік  білім беру жинақтау жүйесіне (МБЖЖ) қатысу мүмкіндігі берілді.

МБЖЖ – бұл әрбір азамат үшін өз баласының Қазақстанда немесе шет елде кәсіптік-техникалық және жоғары біліміне ақы төлеуге  жеткілікті қаржы жинау мүмкіндігі.

 «МБЖЖ 2013 жылы екінші деңгейдегі банктер арқылы жұмыс істей бастады және осы уақытқа дейін табысты жұмыс істеуде. Жүйе Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2020 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының құрамына кіреді», – деп атап өтті Әсел Әмірбаева.

Аталған құралдың артықшылығы – азаматтардың жинақтарына екінші деңгейдегі банктің немесе сақтандыру компаниясының инвестициялық кірістерінен басқа, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 7% және азаматтардың қалған санаттары үшін 5% мемлекеттің жыл сайынғы сыйлықақысы қосылады.

МБЖЖ шеңберіндегі өнімдердің көмегімен азаматтар тікелей мемлекеттен қосымша пайыздық жинақ ала отырып, балаларды оқыту үшін қаражат жинай алады. Нәтижесінде жинақтардың жалпы сомасы біртіндеп өседі. Бұл оқу ақысын төлеуді жеңілдетеді.

Қазіргі уақытта 4 екінші деңгейдегі банк және 4 өмірді сақтандыру компаниясы МБЖЖ бағдарламасы бойынша өздерінің жеке жинақтау өнімдерін ұсынады.

Сақтандыру компаниялары ұсыныстарының артықшылықтары бар. Біріншіден, кірістілік мөлшерлемесі депозитпен салыстырғанда (8%-дан 10%-ға дейін) сақтандыру шартының бүкіл қолданыс мерзіміне кепілдік беріледі. Екіншіден, Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының кепілдігі толық жинақталған соманы өтейді, ал Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының кепілдігі 20 млн теңгеге дейінгі соманы ғана өтейді. Үшіншіден, ата-анасы еңбекке қабілеттілігінен айырылған немесе ол қайтыс болған жағдайда, жинақталған сомаға қарамастан, оқудың толық құны төленеді.

Сақтанушы үшін тағы бір пайда – сақтандыру жарналарын жүзеге асыру кезіндегі салық жеңілдігі (жұмыс берушінің жеке табыс салығын есептеу кезінде 320 АЕК шегінде) және сақтандыру төлемін жүзеге асыру кезінде салықтан босату.

«Өмірді сақтандыру компанияларының МБЖЖ-ға қатысуы ата-аналардың көпшілігіне балаларын оқытуға қаражат жинауға мүмкіндік береді. Бұл мемлекет субсидиясы бар алғашқы сақтандыру өнімі»,- деп қорытындылады Әсел Әмірбаева.

 

Агенттіктің Сыртқы коммуникациялар басқармасы:

 +7 (727) 2371089, press@finreg.kz