Гендерлік теңдікке арналған «DigitALL: Women in FinTech» іс-шарасы туралы

Гендерлік теңдікке арналған «DigitALL: Women in FinTech»  іс-шарасы туралы

2023 жылғы 6 наурызда ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы Мәдина Әбілқасымова БҰҰ-ның «Орнықты қор биржалары» бастамасы шеңберінде Халықаралық қаржы корпорациясының (бұдан әрі – IFC) қолдауымен Қазақстан қор биржасы ұйымдастырған гендерлік теңдікке арналған «DigitALL: Women in FinTech»
іс-шарасына қатысты.

Мәдина Әбілқасымова құттықтау сөзінде цифрландыру мен
IT-технологияларды дамыту түпмәтінінде гендерлік инклюзивтілікті қолдауға байланысты мәселелердің өзектілігін атап өтті. Бұдан басқа, ол әйелдердің экономикалық өмірге жеткіліксіз ықпалдасуы әлемдік экономиканың өсуін шектейтінін атап өтті. Мұны гендерлік теңдік пен әр елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы арасында тікелей байланыстың бар екенін көрсеткен ХВҚ мен БҰҰ-ның зерттеулері растап отыр.

«Қаржылық технологиялар саласы – стратегиялық тұрғыдан ойлауды және заманауи сын-қатерлерге жедел ден қоюды талап ететін қарқынды дамып келе жатқан салалардың бірі. Мемлекет тарапынан әйелдердің қаржылық тәуелсіздігін қамтамасыз етуге және қаржылық қызметтерге қолжетімділікті кеңейтуге бағытталған жүйелі шараларды әзірлеу және іске асыру қажет», - деді Агенттік Төрағасы.

Мәдина Әбілқасымова атап өткендей, ESG (Environmental, Social, and Corporate Governance) бағыты – бұл жасыл қаржыландыру ғана емес, сонымен қатар орнықты даму, корпоративтік басқару және гендерлік теңдік саласында жалпы қабылданған халықаралық стандарттарды сақтау. Бүгінгі таңда Дүниежүзілік экономикалық форумның есебіне сәйкес, әлемдік экономиканың барлық салаларында гендерлік теңсіздік байқалады.                      2022 жылы жаһандық гендерлік теңсіздік индексі ықтимал 100%-дың                    68%-ын құрады (100% гендерлік алшақтықты толығымен жоюдың көрсеткіші болып табылады).

2022 жылы Қазақстан гендерлік алшақтық деңгейі бойынша әлем елдерінің рейтингінде 145 елдің ішінен 65-орынға ие болды.

Агенттік IFC-мен бірлесіп қаржы ұйымдары үшін ESG өлшемшарттары бойынша Ақпаратты жария ету жөніндегі нұсқауды әзірледі. Осы Нұсқау  шеңберінде қаржы ұйымдары қаржылық емес ақпаратты, оның ішінде өздерінің әлеуметтік салаға әсері және ESG-факторлардың ұйымның қаржылық көрсеткіштеріне әсері туралы ақпаратты жария ететін болады.

«Атап айтқанда, біз тұрақты есептілік шеңберінде компанияның еңбек жағдайлары мен қызметкерлердің гендерлік әртүрлілігіне, ерлер мен әйелдердің жалақысындағы айырмашылықтарға қатысты жүргізіп жатқан саясаты туралы ақпарат ұсынылады деп күтудеміз», – деді қаржы реттеушісінің басшысы.

Бұдан басқа, қаржы ұйымдары үшін экономикадағы құрылымдық-гендерлік қайта жаңартуларға оң әсер ететін экологиялық және әлеуметтік тәуекелдерді басқару жөніндегі нұсқау әзірленуде.

Мәдина Әбілқасымова қор нарығын дамыту үшін Агенттік жалпы алғанда инфрақұрылымды дамыту, эмитенттерге қор нарығына шығу бойынша жағдай жасау, сондай-ақ инвесторлардың ауқымды тобын тарту бойынша жүйелі жұмыс жүргізгенін айтты.

Өткен жылы капитал нарығына кіруді ырықтандыру үшін кәсіби қатысушыларды олардың қызмет ауқымына қарай тепе-тең реттеуге көшу жүзеге асырылды.

Сұранысты ынталандыру мақсатында инвесторлардың құқықтарын қорғау жөнінде шаралар қабылданды және қаржы консультанттарын реттеу қатаңдатылды.

Атап айтқанда, заңнамалық деңгейде лицензиясы жоқ компаниялар үшін азаматтарға инвестициялық қызметтер көрсетуге тыйым салынды.

«Сонымен бірге ұсынылған инвестициялық ұсынымдардың сапасы үшін брокерлердің жауапкершілігі қосымша белгіленді. Брокердің қызмет көрсетер алдында инвестициялық бейінді және бөлшек инвесторлардың біліктілігін міндетті түрде бағалауы туралы талап енгізілді», – деп атап өтті қаржы реттеушісінің басшысы.

Іс-шараға сондай-ақ Қазақстан қор биржасының Басқарма Төрағасы Алина Алдамберген, «Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы» ЗТБ Кеңесінің Төрағасы Елена Бахмутова, Орталық Азия бойынша IFC өңірлік менеджері Кассандра Колберт, Қазақстандағы «БҰҰ-Әйелдер» өкілі Мария Доценко, «Halyk Bank» АҚ Басқарма Төрағасы Үміт Шаяхметова және басқалар қатысты.

Спикерлер өздерінің баяндамаларында гендерлік теңдікті ілгерілетудің және әйелдердің бизнес пен қоғамдағы құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту туралы хабардар болуды арттырудың маңыздылығы мен қажеттілігін атап өтті.

 

 

Агенттіктің Сыртқы коммуникациялар басқармасы:

+7 (727) 2371089, press@finreg.kz