
2023 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының банк секторын 21 екінші деңгейдегі банк құрайды, оның ішінде 12-сі шетел қатысатын банк, оның ішінде 8 еншілес банк.
2023 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша банк секторының активтері ағымдағы жылғы қаңтар айында 1,2%-ға немесе 0,5 трлн теңгеге азайып, 44,0 трлн теңгені құрады. 2023 жылғы қаңтарда активтердің төмендеуі өтімді активтердің 2,0%-ға немесе 381 млрд теңгеге азаюы нәтижесінде орын алды.
Өтімділігі жоғары активтер 13,8 трлн теңгені немесе активтердің 31,3%-ын құрады, бұл банктерге клиенттер алдындағы өз міндеттемелеріне толық көлемде қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.
Экономикаға кредиттер 2023 жылғы қаңтарда корпоративтік сектордағы несиелік белсенділіктің маусымдық баяулауы және қолданыстағы қарыздарды жоспарлы өтеу, сондай-ақ теңгенің АҚШ долларына қатысты шамалы нығаюы (0,5%-ға) аясында валюталық несие портфелін қайта бағалау нәтижесінде 0,2%-ға 22,8 трлн теңгеге дейін төмендеді.
Ұлттық валютадағы кредиттер 0,04%-ға, 21,0 трлн теңгеге дейін, шетел валютасындағы кредиттер – 1,6%-ға 1,8 трлн теңгеге дейін төмендеді.
Заңды тұлғаларға кредиттер 2023 жылғы қаңтарда 1,5%-ға төмендеп, 8,5 трлн теңгені құрады (2022 жылғы осындай кезеңде 0,6%-ға төмендеді).
Дара кәсіпкерлерді қоса алғанда, бизнес субъектілеріне жиынтық кредиттер 2023 жылғы қаңтарда 1,3%-ға 9,5 трлн теңгеге дейін төмендеді.
ШОБ субъектілеріне қарыздар 2,0%-ға 5,9 трлн теңгеге дейін, ірі бизнеске қарыздар – 0,2%-ға 3,6 трлн теңгеге дейін төмендеді.
2023 жылғы қаңтарда бизнес субъектілеріне 890 млрд теңге сомаға жаңа қарыздар берілді, бұл 2022 жылғы қаңтармен салыстырғанда 15,6%-ға көп (771 млрд теңге).
Жеке тұлғаларға кредиттер 2023 жылғы қаңтарда 0,7%-ға ұлғайып, 14,3 трлн теңгені құрады. Жеке тұлғаларға кредиттердің өсуі ипотекалық кредиттеудің 0,8%-ға 4,8 трлн теңгеге дейін ұлғаюына, сондай-ақ тұтынушылық қарыздардың 0,6%-ға 7,7 трлн теңгеге дейін өсуіне байланысты.
2023 жылғы 1 ақпандағы жағдайға сәйкес банк секторы бойынша 90 күннен астам төлем мерзімі өткен қарыздар деңгейі (NPL90+) жалпы несие портфелінің 3,4%-ын немесе 824 млрд теңгені құрады (2023 жылғы 1 қаңтарға – 3,4% немесе 815 млрд теңге).
Заңды тұлғалар портфелінде ШОБ-ты ескере отырып, NPL90+ деңгейі 3,1%-ды немесе 324 млрд теңгені, жеке тұлғалар портфелінде – 3,8%-ды немесе 500 млрд теңгені құрады. Жұмыс істемейтін қарыздарды провизиялармен өтеу жоғары болып қалады және 76,5%-ды құрайды.
Банктердің меншікті капиталы ағымдағы жылғы қаңтар айында 3,3%-ға 5,4 трлн теңгеге дейін өсті. 2023 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша негізгі капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к1) 19,1%, меншікті капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к2) – 22,3%-ды құрады, бұл заңнамада белгіленген нормативтерден едәуір асып түседі және банк секторындағы әлеуетті тәуекелдерді өтеуді қамтамасыз етеді.
Банк секторының міндеттемелері 2023 жылғы қаңтарда заңды тұлғалар салымдарының 2,1%-ға 14,4 трлн теңгеге дейін (міндеттемелер құрылымындағы үлесі 37,2%) төмендеуі нәтижесінде 1,8%-ға 38,6 трлн теңгеге дейін төмендеді.
Резиденттердің депозиттік ұйымдардағы депозиттері 2023 жылғы қаңтарда 1,1%-ға 30,6 трлн теңгеге дейін төмендеді. Заңды тұлғалардың депозиттері 1,1%-ға, 15,1 трлн теңгеге дейін азайды, жеке тұлғалардың депозиттері 1,2%-ға, 15,5 трлн теңгеге дейін ұлғайды.
Ұлттық валютадағы депозиттер 2023 жылғы қаңтарда 0,4%-ға 21,1 трлн теңгеге дейін, шетел валютасында 2,8%-ға 9,5 трлн теңгеге дейін, оның ішінде теңгенің АҚШ долларына қатысты 0,5%-ға нығаюы аясында төмендеді. Нәтижесінде 2023 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша долларлану деңгейі 2023 жылдың басындағы 31,6%-бен салыстырғанда 31,1%-ды құрады.
Банктік емес заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы мерзімді депозиттері бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 2023 жылғы қаңтарда 14,5%-ды (2022 жылғы желтоқсанда – 14,4%), жеке тұлғалардың депозиттері бойынша – 13,7%-ды (2022 жылғы желтоқсанда – 13,3%) құрады.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы
+7 (727) 237 1089, press@finreg.kz