
2023 жылғы 1 наурызда Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы Әзірбайжан Республикасы Орталық Банкінің Төрағасы Талех Казымовпен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар Әзірбайжан мен Қазақстанның қаржы нарықтарындағы ахуалды және қаржы нарығының даму перспективаларын талқылады.
Әзірбайжан Республикасы Орталық Банкінің Төрағасы Т. Қазымов мырза Әзірбайжанның қаржы нарығы және оны дамыту бойынша жоспарланған шаралар туралы ақпаратпен бөлісті.
Мәдина Әбілқасымова Қазақстандағы ағымдағы макроэкономикалық жағдай және оның елдің банк секторына әсері, сондай-ақ Қазақстанның қаржы нарығында іске асырылған реформалар туралы хабарлады.
Қазақстанның тәуекелге бағдарланған қадағалау жүйесін енгізу, AQR өткізу және банктерді қадағалап стресс-тестілеу тәжірибесі Әзірбайжан тарапының ерекше қызығушылығын тудырды.
Тараптар ұлттық кредиттік рейтингтік агенттіктер құру мәселелерін, сондай-ақ қор және сақтандыру нарықтарын дамыту мәселелерін жан-жақты талқылады.
Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан мен Әзірбайжан реттеушілері арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту және қаржы нарығын реттеу мен дамытуда өзара тәжірибе алмасу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Агенттіктің Сыртқы коммуникациялар басқармасы
+7 (727) 237 1089, press@finreg.kz