«Цифрлық теңге» жобасы бойынша ақпараттық семинар өткізу туралы

«Цифрлық теңге» жобасы бойынша ақпараттық семинар өткізу туралы

Алматы қаласында Халықаралық валюта қорының Кавказ, Орталық Азия және Моңғолия өңірі үшін әлеуетті дамытудың өңірлік орталығының алаңында ҚР Ұлттық Банкімен және ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен (бұдан әрі – Агенттік) бірлесіп әзірленген цифрлық теңгені енгізу жобасына арналған ақпараттық семинар өтті.

Аталған іс-шараға ҚР Ұлттық Банкінің, Дүниежүзілік банктің, Халықаралық валюта қорының, Азия даму банкінің, Алматы қаласындағы Германия консулдығының, Алматы қаласындағы Ресей консулдығының, Алматы қаласындағы АҚШ Бас консулдығының, сондай-ақ ҚР екінші деңгейдегі банктерінің өкілдері қатысты.

Бұл іс-шараның мақсаты цифрлық теңгені таныстыру және мемлекеттік органдармен, халықаралық ұйымдармен және қаржы секторының қатысушыларымен өзара іс-қимыл құру болып табылады.

Агенттік Төрағасы және Кавказ өңірі үшін әлеуетті дамытудың өңірлік орталығының Қазақстаннан үйлестіру комитетінің мүшесі Мәдина Әбілқасымова өзінің кіріспе сөзінде атап өткендей, цифрлық теңге қолма-қол және қолма-қол ақшасыз қаражатпен бірге пайдаланылатын есеп айырысудың үшінші нысанын білдіреді.

Қаржы реттеушісінің басшысы бұл жобаны іске асыру қаржы нарығына мынадай бағыттар бойынша оң әсер ететінін атап өтті:

1) Интернетке қолжетімділігі шектеулі өңірлерде олардың құнын және цифрлық теңгемен операцияларды оффлайн режимде жүзеге асыру мүмкіндігін төмендету есебінен халық үшін төлем қызметтерінің қолжетімділігін арттыру. Одан әрі бұл қаржылық емес коммерциялық қызметті цифрландыруды жеделдетеді және тауарлар мен қызметтердің айналымын арттырады;

2) жаңа қаржы өнімдерін енгізудің арқасында Қазақстанның қаржы нарығында бәсекелестікті арттыру;

3) цифрлық инфрақұрылымды одан әрі дамыту және оны басқа елдердің ұқсас жүйелерімен ықпалдастыру мүмкіндігі есебінен қаржы нарығының жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыру, төлемдердің ашықтығын қамтамасыз ету, сондай-ақ трансшекаралық төлемдерді кеңейту және олардың құнын төмендету.

Жобаның оң жақтары туралы айта келе, Мәдина Әбілқасымова қазіргі уақытта Агенттік пен Ұлттық Банк қаржы нарығына қатысушылармен бірлесіп пысықтап жатқан тәуекелдерді де атап өтті.

  1. Цифрлық валюталардың ақпараттық қауіпсіздік пен кибершабуылға байланысты операциялық тәуекелдері болуы ықтимал.
  2. Ақшаны жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл (АЖ/ТҚҚ) бойынша тәуекелдер.
  3. Ағымдағы шоттар мен электрондық әмияндар арасында қаражатты қайта бөлу кезіндегі банктердің өтімділік тәуекелдері.

Осыған байланысты, Агенттік Төрағасының айтуынша, цифрлық теңгені енгізу электрондық әмияндардағы қаражаттың сақталуын және транзакциялар жасау қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ақпараттық және киберқауіпсіздік шараларымен қатар жүзеге асырылуға тиіс.

Барлық көрсетілген бағыттар бойынша Агенттік Ұлттық Банкпен, қаржы қоғамдастығымен және халықаралық сарапшылармен бірлесіп цифрлық теңге жобасын тиімді енгізу үшін кешенді шаралар әзірлеу жөніндегі жұмысты жалғастырады.

 

Агенттіктің Сыртқы коммуникациялар басқармасы:

+7 (727) 2371089, press@finreg.kz