Сақтандыру нарығында басшы қызметкерлерді келісу рәсімін жеңілдету туралы

Сақтандыру нарығында басшы қызметкерлерді келісу рәсімін жеңілдету туралы

2022 жылғы 12 қыркүйекте «Сақтандыру қызметі туралы» Заңға (бұдан әрі – Заң) сақтандыру нарығында басшы қызметкерлерді келісу рәсімдерін айтарлықтай жеңілдететін өзгерістер мен толықтырулар күшіне енді.

Көрсетілген күнге дейін реттеуші нақты бір ұйымға белгілі бір лауазымға басшы қызметкерді тағайындауға (сайлауға) келісім берді. Бұл жұмыс орнын немесе атқаратын басшылық лауазымын ауыстырған сайын реттеушіге жаңа келісім алу үшін қайтадан жүгінуді талап етті.

Енді уәкілетті органның сақтандыру нарығында жұмыс істеу үшін басшы қызметкерді тағайындауға (сайлауға) келісімін басшы қызметкер лауазымына кандидат осы лауазымдарға қойылатын талаптарға сәйкес келген жағдайда бір не бірнеше лауазымға алуға болады.

Ол үшін Агенттікке басшы қызметкерді тағайындауға (сайлауға) келісім алуға арналған құжаттар топтамасымен бірге ұсынылатын өтінішхатта кандидат сәйкес келетін және ол келісілетін лауазымдардың тізбесін көрсету қажет. Кандидатты лауазымға келіскен жағдайда, ол жұмыс істеуге ниет білдірген ұйымның атауын көрсету талап етілмейді. Агенттікке құжаттарды тапсырар алдында кандидаттың Заңның 34-бабының 3-тармағында белгіленген барлық біліктілік талаптарына сәйкес келуін тексеру қажет.

Келісілгеннен кейін кандидат лауазымы немесе жұмыс орны өзгерген жағдайда қайта келісуден өтпей-ақ келісілген лауазымдарды атқара алады. Келісімнің қолданылуы тоқтатылатын негіздер болмаған кезде (Агенттіктің келісімді қайтарып алуы не сақтандыру нарығындағы жұмыс стажындағы 1 жылдан астам үзіліс) мұндай келісімнің қолданылуы іс жүзінде мерзімсіз болады.

Басшы қызметкерлер құрамындағы өзгерістер туралы Агенттікті хабардар ету міндеті сақтандыру нарығына кәсіби қатысушыларға (сақтандыру ұйымдары, сақтандыру брокерлері, Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры) жүктелетінін атап өту маңызды.

Маңызды жаңалықтың бірі басшы қызметкерді тағайындауға (сайлауға) келісім алуға арналған құжаттарды басшы қызметкер лауазымына кандидаттың өзі не оны жұмысқа қабылдауды жоспарлап отырған сақтандыру нарығының кәсіби қатысушысы ұсына алатыны болып табылады.

Бұған дейін құжаттарды Агенттікке сақтандыру нарығының кәсіби қатысушылары ғана ұсынатын. Бұл кандидаттың басшы лауазымдарға қажетті келісімдерді алдын ала алу мүмкіндігін білдіреді, ал бұл нарыққа қатысушылардың өздері үшін білікті кадрлар іздеу міндетін жеңілдетеді.

Реттеушінің басшы қызметкерлерді тағайындауға (сайлауға) қазіргі келісімі бар тұлғалардың тізбесімен Агенттіктің https://www.gov.kz/memleket/entities/ardfm/documents/details/343854?lang=ru ресми интернет-ресурсында танысуға болады.

 

Агенттіктің Сыртқы коммуникациялар басқармасы

+7 (727) 237-10-89, e-mail: press@finreg.kz