Сақтандыру ұйымдарының пруденциялық нормативтерін есептеу тәртібіне өзгерістер енгізу туралы

Сақтандыру ұйымдарының пруденциялық нормативтерін есептеу тәртібіне өзгерістер енгізу туралы

2022 жылғы 12 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 26 желтоқсандағы №304 қаулысына[1] (бұдан әрі – Қаулы) мыналарды көздейтін өзгерістер қабылдады:

  • шетелге қайта сақтандыруға берілген сыйлықақылар көлеміне және қайта сақтандырушының рейтингіне байланысты төлем қабілеттілігі маржасына түсетін жүктемені есептеуді 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін ұзарту;
  • сақтандыру резервтерінен инвестициялық пай қорларына (ИПҚ) инвестициялау көлемін 5%-дан 10%-ға дейін ұлғайту.

Енгізілген талаптар сақтандыру ұйымдарына капиталға барабар жүктемені қамтамасыз етуге, сондай-ақ инвестициялау мүмкіндіктерін кеңейтуге мүмкіндік береді.

Өзгерістер 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.

Қаулының толық мәтінімен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде тиісті тіркеу рәсімінен кейін Агенттіктің интернет-порталында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде танысуға болады.

 

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

+7 (727) 237 1089, press@finreg.kz

 

[1] «Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының және сақтандыру тобының пруденциялық нормативтерінің және сақталуға міндетті өзге де нормалар мен лимиттердің нормативтік мәндерін және оларды есептеу әдістемелерін, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының немесе сақтандыру холдингтерінің еншілес ұйымдары сатып алатын заңды тұлғалардың акцияларына (жарғылық капиталдағы қатысу үлестеріне) қойылатын талаптарды, сақтандыру холдингтері сатып алатын халықаралық қаржы ұйымдары облигацияларының тізбесін, сақтандыру холдингтері сатып алатын облигациялар үшін талап етілетін ең төмен рейтингті және рейтингтік агенттіктердің тізбесін, сондай-ақ сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары сатып алатын қаржы құралдарының (акциялар мен жарғылық капиталына қатысу үлестерін қоспағанда) тізбесін белгілеу туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 26 желтоқсандағы № 304 қаулысы