Банкке айналдыру нысанында микроқаржы ұйымын ерікті түрде қайта ұйымдастыруға рұқсат беру тәртібі туралы

Банкке айналдыру нысанында микроқаржы ұйымын ерікті түрде қайта ұйымдастыруға рұқсат беру тәртібі туралы

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (бұдан әрі – Агенттік)  2022 жылғы 22 қарашада «Микроқаржы ұйымын банкке айналдыру нысанында ерікті түрде қайта ұйымдастыруға рұқсат беру қағидаларын, сондай-ақ микроқаржы ұйымын банкке айналдыру нысанында ерікті түрде қайта ұйымдастыруға уәкілетті органның рұқсатын беру үшін қажетті құжаттар тізбесін, микроқаржы ұйымын банкке айналдыруға уәкілетті органның рұқсатын алуға арналған өтініштің, рұқсаттың нысандарын және мәліметтердің нысандарын бекіту туралы» Басқарманың № 93 қаулысын (бұдан әрі – Қаулы) қабылдады.

Қаулы ағымдағы жылғы 12 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын реттеу мен дамыту, банк қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының (бұдан әрі – Заң) нормаларын іске асыру үшін әзірленді.

Заң қолданысқа енгізілгенге дейін микроқаржы ұйымдары банктік және өзге де операцияларды жүргізуге лицензияны жалпы тәртіппен ғана ала алатын. Атап айтқанда, микроқаржы ұйымы ретінде өз қызметін тоқтату, тиісті лицензияны уәкілетті органға қайтару, кредиторлар алдындағы барлық міндеттемелерін орындау, жаңа заңды тұлғаны тіркеу рәсімінен өту, банк ашуға рұқсат алу, содан кейін банктік және өзге де операцияларды жүргізуге лицензия алуға өтініш беру қажет болды. Микроқаржылық қызметтің мәжбүрлі түрде тоқтатыла тұруына байланысты бұл рәсімдер микроқаржы ұйымдары мен олардың клиенттерінің орнықтылығына теріс әсер еткен болар еді.

Банк операцияларын немесе өзге де операцияларды жүргізуге лицензия алу кезінде микроқаржы ұйымдары қызметінің үздіксіздігін қамтамасыз ету үшін Заңмен микроқаржы ұйымын банкке айналдыру нысанында қайта құру мүмкіндігі көзделген.

Өз кезегінде, Қаулымен микроқаржы ұйымын банкке айналдыру нысанында ерікті түрде қайта ұйымдастыруға рұқсат беру тәртібі, сондай-ақ микроқаржы ұйымын банкке айналдыру нысанында ерікті түрде қайта ұйымдастыруға уәкілетті органның рұқсатын беру үшін қажетті құжаттар тізбесі  айқындалады. 

Қаулыны қабылдау мүдделі микроқаржы ұйымдарына банкке айналдыру рәсімдеріне бастама жасауға мүмкіндік береді және оларға банк операцияларын және өзге де операцияларды жүргізуге лицензия алу сәтіне дейін клиенттерге қызмет көрсету мүмкіндігін береді.

Қаулының толық мәтінімен кейін Агенттіктің интернет-порталынан және Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде тиісті тіркеу рәсімінен өткеннен «Әділет»  ақпараттық-құқықтық жүйесінен танысуға болады.  

 

Агенттіктің Сыртқы коммуникациялар басқармасы

+7 (727) 237 1089, press@finreg.kz