
2022 жылғы қазанда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (бұдан әрі – Агенттік) тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелеріндегі қызметі негізінен қарыз алушылардың борыш жүктемесін азайту үшін жәрдем көрсету және шаралар қабылдау туралы өтініштерін қараумен байланысты болды.
Есепті айда Агенттік банктердің, микроқаржы ұйымдарының, коллекторлық агенттіктердің, сақтандыру және бағалы қағаздар нарығы субъектілерінің қызметіне байланысты жеке және заңды тұлғалардың 2 192 өтінішін қарады, бұл 2022 жылғы қыркүйекпен салыстырғанда 20%-ға аз.
Өтініштердің ең көп үлесі банктерге тиесілі, ол өтініштердің жалпы санының 71%-ын құрады. Микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың қызметі мәселелері бойынша өтініштер өтініштердің жалпы санының 13%-ын, коллекторлық агенттіктердің - 5%-ын, сақтандыру нарығы субъектілерінің – 4,4%-ын, өзге де ұйымдардың - 13%-ын құрады.
Агенттік 2022 жылғы қазанда 16 ұсынымдық қадағалап ден қою шарасын, 15 жазбаша ұйғарым, 11 жазбаша ескерту және әкімшілік құқық бұзушылық туралы 24 хаттама бойынша жалпы сомасы 6,4 млн теңгеге 14 әкімшілік жаза қолданды, оның ішінде:
- банктерге – 16 ұсынымдық қадағалап ден қою шарасы, әкімшілік құқық бұзушылық туралы 7 хаттама бойынша жалпы сомасы 2,9 млн теңгеге 7 әкімшілік жаза;
- коллекторлық агенттіктерге – 2 жазбаша ұйғарым, 10 жазбаша ескерту, әкімшілік құқық бұзушылық туралы 16 хаттама бойынша жалпы сомасы 3,2 млн теңгеге 6 әкімшілік жаза;
- микроқаржы ұйымдарына – 13 жазбаша ұйғарым, 1 жазбаша ескерту, әкімшілік құқық бұзушылық туралы 1 хаттама бойынша жалпы сомасы 0,3 млн теңгеге 1 әкімшілік жаза.
2004-2009 жылдар аралығындағы кезеңде ипотекалық қарыз алған қарыз алушылардың жалғыз баспанасын сақтап қалуға бағытталған Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын (ипотекалық қарыздарды) қайта қаржыландыру бағдарламасының бірінші бөлігінің шеңберінде банктер 2022 жылғы 1 қазанда 184,3 млрд теңге сомаға 31,2 мың қарызды қайта қаржыландырды, оның ішінде револьверлік тетігі есебінен 56,1 млрд теңге сомаға 7,6 мың қарыз қайта қаржыландырылды.
Бағдарламаның бірінші және екінші бөліктері шеңберінде банктер 132,2 млрд теңге сомасына 13,8 мың валюталық ипотекалық қарызды айырбастауды аяқтады.
Бағдарламаның үшінші бөлігі шеңберінде банктер 2022 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша 9,4 мың ХӘОТ-қа жататын қарыз алушыға 61,0 млрд теңге сомасына қосымша қаржылық қолдау шараларын көрсетті. Қарыз алушының берешегін азайту, өтеудің жеңілдетілген кестелерін белгілеу, сондай-ақ банк балансында тұрған жалғыз тұрғын үйді қарыз алушының меншігіне қайтару түрінде қосымша көмек көрсетілуде.
Қазіргі уақытта ХӘОТ-қа жататын қарыз алушыларға 2023 жылы қосымша көмек көрсету үшін Бағдарламаның үшінші бөлігін іске асыру мерзімін ұзарту туралы шешім қабылданды.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы
+7 (727) 237 1089, press@finreg.kz